
ЫРҒЫЗ ЖӘНЕ БАЙҒАНИН АУДАНЫНЫҢ КӘСІПОДАҚ КӨШБАСШЫЛАРЫ ЖЫЛДЫҚ ЕСЕП БЕРДІ
Кәсіподақ көшбасшыларының есеп беру жиындары жалғасуда. Ақтөбеде Ырғыз және Байғанин аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымдарының да 2024 жылы атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Жиынға бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, әлеуметтік әріптестер қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес, алдымен кәсіподақ көшбасшылары өткен жылы жасалған жұмыстар туралы баяндады. Білім мекемелеріндегі әлеуметтік әріптестік келісімнің, ұжымдық шарттардың орындалуы, ұстаздардың әлеуметтік мәртебесін арттыру, кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін, еңбек қауіпсіздігі, кәсіподақ мүшелерін сауықтыру және қолдау бағытында атқарылған жұмыстар туралы айтылды. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының рөлі мен беделі, олардың жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында орындалатын міндеттер сөз болды.
Кәсіподақ қызметінің негізгі мақсаты – кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау болып табылады. Осы бағытты ұстанған аудандық кәсіподақ ұйымдары жыл бойы білім беру ұйымдарындағы кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғап, еңбек заңдылықтарының сақталуын жіті назарда ұстап отырды.
Ырғыз аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Қасымхан Әбеновтің айтуынша, өткен жылы педагогтерің тарапынан 115-ке тарта өтініш-арыз түсіп, 86 заңгерлік тегін кеңес берілді. Еңбек дауларын қарау кезінде қызметкерлерге тұрақты құқықтық көмек көрсетілді. Декреттік демалыстан кейінгі еңбек демалысын есептеу, балабақша меңгерушісінің жұмыс кестесін реттеу сияқты сұрақтарға облыстық кәсіподақ заңгерлерінің көмегімен нақты жауаптар беріліп, мұғалімдердің мәселесі толығымен шешімін тапқан. Әрбір білім беру мекемесінде келісім комиссиясы құрылды. Жеке еңбек дауларының түйіні көбіне сол жерде-ақ шешіліп жатады.
- Су тасқыны кезінде көптеген елді мекендерде қиыншылықтар болды. Ол жағдай баршамыздың көз алдымызда. Осы кезеңде зардап шеккен ауданның 117 кәсіподақ мүшесіне облыстық ұйымнан 11 700 000 мың теге қаржы бөлінді. Есепті кезең ішінде үй-жайы суға кетіп су тасқынынан зардап шеккен 14 кәсіодақ мүшесіне және баспанасы өртенген 1 кәсіподақ мүшесіне кәсіподақ ұйымы тарапынан қайырымдылық көмек берілді, - деді Қ.Әбенов.
Ал, Байғанин аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төарағасы Сәндібай Дербісов былтыр педагогтердің мүддесін қорғау, қызметкерлердің денсаулығын нығайтуға көп көңіл бөлінгенін айтты. Каникул уақыттарында аудан
мұғалімдері шипажайларда ем алып, денсаулықтарын нығайтты.
- Байғанин аудандық кәсіподақ ұйымына қарасты 40 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Оған 2000-нан астам білім қызметкері мүше. Еңбек адамының денсаулығына қамқорлық жасау - кәсіподақтың назарынан тыс қалған емес. Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру, кәсіподақ мүшелерінің еңбек мәселесін шешу, олардың әлеуметтік мәртебесін арттыру мақсатындағы жұмыстар әлі де жалғасады,- дейді С.Дербісов.
-
Фото
-