
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ КӘСІПОДАҚТАРЫ «ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРЫ ЖЫЛЫНА» НАҚТЫ МІНДЕТТЕР БЕЛГІЛЕДІ
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды – «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны белгілі. Бұл бастама еліміздегі жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, кәсіптік білім беру сапасын жақсартуға және жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Осыған орай, Салалық кәсіподақтың Түркістан облыстық ұйымының төрағасы Жандос Шайдулла, бас маман Бахтияр Абдураимов, сондай-ақ «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі мен төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев арнайы кездесу өткізіп, алдағы жоспарлар мен іс-шараларды талқылады.
Кездесу барысында кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері 2025 жылы өңірде жұмысшы мамандықтарын дамытуға арналған іс-шараларды ұйымдастыру, олардың мәртебесін көтеру, жастар арасында кәсіптік-техникалық білім алуға деген қызығушылықты арттыру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсарту, кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғау және әлеуметтік қолдауды күшейту жөнінде нақты ұсыныстар жасалды.
Бұл бастама аясында Түркістан облысында түрлі форумдар, шеберлік сыныптары, кәсіптік байқаулар, семинарлар және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, кәсіптік білім беру мекемелерімен, жұмыс берушілермен және мемлекеттік органдармен тығыз байланыс орнатылып, жастарды жұмысшы мамандықтарына тарту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілмек.
Осылайша, «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында Түркістан облысының кәсіподақ ұйымдары еңбек адамының мәртебесін көтеру мен олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жолында бірлескен белсенді жұмыстар атқаруды жоспарлап отыр.