
ЖАС КЕЛСЕ – ІСКЕ
️Мұғалім – мамандық болса, ұстаздық - адам бойындағы ұлы қасиет. Ұстаз мәртебесінің артуы, ең алдымен, ұстаз деген есімге қаншалықты лайық болуына байланысты. Бүгінгі жаңа дәуірдің, жаңарған білімнің мұғалімге қояр талабының жүгі ауыр, олар үлгі боларлық бар жақсылық атаулының ең биігінен көрінуі тиіс.
Жақсылық атаулыны ішкі жан дүниесімен қабылдап, өз бойындағы берік қалыптасқан көзқарасты оқушы бойына дарыта білетін, сенімділік пен сабырлылық, табандылық пен төзімділік сияқты мінез-құлық ерекшеліктерімен, жылы жүрегімен жақсылық сәулесін шашып, мейірім шуағын төгіп тұратын жас ұстаздың бірі – Ақтөбе облысында Ойыл аудандық балалар музыка мектебінің “Эстрадалық вокал” класының мұғалімі Шәутенова Бұлбұл Боранбайқызы.
Шаутенова Бұлбұл Боранбайқызы - 1992 жылы 14 тамызда дүниеге келген. 2010 жылы Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебін бітіріп, Ақтөбе гуманитарлық колледжін Музыкалық білім беру мамандығы бойынша бітірді.
Еңбек жолын 2013 жылы Алға қаласындағы “Гүлдер” балабақшасынан бастады. 2014 жылы “Дипломмен ауылға” бағдарламасы бойынша Ойыл аудандық балалар музыка мектебіне “Эстрадалық вокал” класының жетекшісі болып жұмысқа орналасты.
Бұлбұл Боранбайқызының ұстанымы – әр оқушының бойынан жақсы қасиеттерін таба отырып, бәсекеге қабілетті, білімге, өнерге деген қызығушылық деңгейі жоғары ұрпақ тәрбиелеу.
Білім берудің озық ұстанымдарын мақсат еткен ұстаз өз тәжірибесін аудан, облыс көлемінде таратып, жас буын арасында өнегелі жол көрсетіп, олардың қабілеттерін шыңдап жүр. Шәкірт бойындағы табиғи дарын ұшқындарын сөндіріп алмай, шығармашылық еңбек үстінде оған қанат бітіру, білімге шексіз құштарлық дәнін себу Бұлбұл Боранбайқызының еңбегінің бір парағы. Жас болса да ұстаздық жолда үлкен жетістікке қол жеткізген Бұлбұл Боранбайқызы бүгінде дарынды шәкірттерді тәрбиелеуде үздіксіз еңбек етуде. Шәкірттеріне тәлім-тәрбие беру арқылы, оқушыларын республикалық, облыстық байқауларға қатыстырып, жүлделі орындарды қанжығаларына байлап келді.
«Ұстаз болашағы – ұстаздан» деп бекер айтылмаған. Ұстаздың мақсаты – сауатты, салауатты қоғамның қалыптасуы үшін еңбек ету. Сауатты адам мәдениетті ғана емес, бақытты адам. Себебі оның үйренгені көп, өзгеге де үйретері біршама. Бұлбұл Шаутенова сабақ барысында оқушының назарын байсалдылығымен, көркем мінезімен баурап алады. Алдында отырған әр шәкірттің рухани бай болуы үшін, ізгі қоғам мүшесі болуы үшін барын салды.
Бұлбұл Боранбайқызы аудан балаларына сапалы білім беріп, үздіксіз ізденіп жүрген маман болғанымен, бүгінге дейін облыс көлемінде қол жеткізген жетістіктері жетерлік. Ол аудан әкімінің, аудандық білім бөлімінің, облыстық білім басқармасының құрмет грамоталарымен, облыстық ішкі саясат басқармасының, «Ақтөбе-дарын» қосымша білім беру орталығының алғыс хаттарымен марапатталды.
Иә, шәкірт жүрегіне жол тауып, ұлағатты ұстаз атанып жүрген кәсіподақ мүшелері баршылық. Еңбегі бағаланып, көп ішінен дара шыққан ұстаздар қандай құрметке болса да лайық.
-
Фото
-