
ТАЛАСТА ПЕДАГОГТАРДЫ АТТЕСТАТТАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы мен облыстық білім басқармасының бірлескен жоспарына сәйкес еңбек және салалық заңнамалардағы өзгерістерді талқылау мен түсіндіруді мақсат еткен кезекті облыстық көшпелі семинар Талас ауданында жалғасты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей «Халықтың құқықтық сауатын дәйекті түрде арттырып, қоғам санасына адами құндылықтарды сіңіру» семинар-кеңестің басты мақсаты болды.
Семинарға ауданның білім беру мекемелері мен ұйымдарының басшылары, кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен есеп және кадр жөніндегі мамандар қатысты. Іс-шараны Жергілікті кәсіподақтың Талас аудандық комитетінің төрағасы Әділ Смағұлов ашып, кәсіподақ ұйымының заңгер-мамандарынан құралған модераторлармен таныстырды, семинар-кеңестің маңызы мен мақсаты туралы айтты. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша кәсіподақ комитетінің өкілдері баяндама жасап, соңғы өзгерістерге толыққанды түсініктеме берді.
Алғашқы болып сөз алған Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков әлеуметтік әріптестік актілері – Келісімдер мен Ұжымдық шарттар арқылы сала-қызметкерлері-кәсіподақ мүшелерінің, әсіресе, педагогтардың құқықтарын қорғау механизмдері, еңбек дауларын шешу жолдары және аттестаттаудан өту, лауазымдарға конкурс арқылы тағайындау тәртібі сынды мәселелерге тоқталды. Кәсіподақ ұйымы мен оның заңгерлері барлық сала қызметкерлеріне әдістемелік, құқықтық көмек көрсетуге және қажет болған жағдайда кез-келген сұрақтар бойынша кеңес беруге әрдайым дайын екендіктерін білдірді.
ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы №83 бұйрығымен бекітілген «Педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар» туралы күн тәртібіндегі бірінші сұрақ бойынша облыстық білім басқармасы жанындағы педагогтарды аттестаттау комиссиясының мүшесі Жанболат Орынбеков түсіндірме беріп, тестілеу қағидаларын бұзған педагогтерге қолданылатын шаралар туралы да ескертті.
- Педагог білімін бағалауды жүргізу кезінде рұқсат берілмейтін заттарды анықтаған немесе тапсыру мерзіміне қарамастан ПББ өткізу бейнежазбасын қарау кезінде ПББ өткізу ережелерін бұзу дерегі анықталған жағдайда ережелерді бұзу актісі жасалады, ПББ нәтижесі жойылады, ал қағидаларды бұзған аттестатталушы 1 жыл мерзімде аттестаттаудан өтуге жіберілмейді. Сондай-ақ, педагог санаты төмендетіледі. Тағы да қайталанса, педагог, бөлімнің басшысы, әдістемелік кабинеттің әдіскері аттестаттаудан өтуге – бес жылға, білім беру ұйымының, әдістемелік кабинеттің басшысы 3 жылға жіберілмейді, - деп қатаң ескертті.
Ал Жергілікті кәсіподақтың құқықтық қызмет басшысы Әлия Джолшибекова ҚР Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау және лауазымнан босату қағидаларына» енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды тәжірибеде жүзеге асыру және 2024-2026 жылдарға жасалған Әлеуметтік әріптестік актілері мен оған енгізілген қосымша Келісімдерді орындаудағы тараптардың өзара міндеттемелері туралы түсіндіріп өтті.
Семинар-кеңес еңбек заңдылығы аясында сұрақ-жауап сағатына жалғасып, қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, заңгерлерден нақты жауаптар алды. Іс-шара соңында Талас аудандық білім бөлімінің басшысы Мақсат Қазанғапов ұйымдастырушыларға алғыс айтып, семинар педагогтар мен сала қызметкерлерінің, мекеме басшыларының еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды іс-шара болғандығын, түсіндірілген мәселелердің тәжірибеде өзекті де қажетті екендігін атап өтті.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фото
-