
МӘРТӨК АУДАНЫ: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР МЕН АЛДАҒЫ МІНДЕТТЕР САРАЛАНДЫ
Ақтөбеде аудандық кәсіподақ көшбасшыларының есеп беру жиындары аяқталды. Атқарылған жұмысты саралап, алдағы жоспарларды нақтылау мақсатында бүгін Мәртөк аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Мұхамбетдин Ордабаев жылдық есеп берді.
Мәртөк аудандық кәсіподақ ұйымына қарасты 43 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Оған 2000-нан астам білім қызметкері мүше. Жұмыс жоспарына сай, аудандардағы білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы мұғалімдердің және білім саласындағы кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғау, еңбек адамдарын құқықтық сауаттандыру бағытында жемісті жұмыс жүргізді. Еңбек заңдылықтарының сақталуына қоғамдық бақылау орнатып, оларға моральдық-материалдық қолдаулар көрсетті. Еңбек дауларын шешу және педагогтердің кәсіптік шеберлігін шыңдау жолында іс-шаралар ұйымдастырды. Еңбек адамының денсаулығына қамқорлық жасау - кәсіподақтың назарынан тыс қалған емес. Өткен жылы облыстық және аудандық кәсіподақ ұйымы тарапынан Мәртөк ауданының 100-ге тарта кәсіподақ мүшесі денсаулықтарын нығайту мақсатында шипажайларда демалды. Мемлекеттік және кәсіптік мерекелерге байланысты педагогтер Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттармен, төсбелгілермен марапатталып, қаржылай сыйақыға ие болды.
Мәртөк аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Мұхамбетдин Ордабаев атқарылған игі істермен қатар алда жоспарланған жұмыстар жөнінде де мәлімет берді.
Басқосуда аудандық кәсіподақ ұйымының тексеру комиссиясы төрағасының қаржылық есебі тыңдалды.
Жиында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы ұйымының 2024 жылы атқарылған жұмыстарының есебі беріліп, әлеуметтік әріптестікті жетілдіру, кәсіподақтың құқықтық қызметінің пәрменділігі, кәсіподақ мүшелігіне ынталандыру бағытында атқарылған жұмыстар сараланды.
Облыстық ұйым төрағасы Раушан Серікова баяндамасында облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының есепті мерзім ішіндегі кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқығын және әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау мақсатында атқарылған кәсіподақ жұмыстарына жіті тоқталды. Сонымен қатар ұйым төрағасы кәсіподақтың ұйымдастырушылық құрылымы, әлеуметтік әріптестік, құқықтық жұмыс, жастармен жұмыс, ақпараттық жұмыс және ұйымдастыру жұмыстары туралы кеңінен баяндады.
Раушан Серікқызының мәліметінше, бүгінде өңірде 12 аудандық, 1 қалалық және 615 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Облыстағы білім саласы қызметкерлерінің құқығын қорғайтын ұйымға 33 468 педагог мүше. Кәсіподақ қызметінің басты бағыты – кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбектік құқықтарын қорғау. Бұл жұмыстар облыстық білім басқармасы, аудандық білім бөлімдері, оқу орындарының басшылары сынды әлеуметтік әріптестермен бірге атқарылуда.
- Білім кәсіподағы жыл бойы білім беру ұйымдарындағы еңбек қатынастарын реттеп, педагогтердің мүддесін жан-жақты қорғады. Соның айғағы, әлеуметтік әріптестік туралы келісімнің негізінде 2023-2024 оқу жылында кәсіподақ ықпалымен ұстаздарға тиесілі қомақты қаражат қайтарылып берілді,- деді Р.Серікова.
Кездесуде облыстық ұйым төрағасы салалық кәсіподақ қозғалысының алдындағы міндеттер мен мәселелер, педагог мәртебесі туралы атқарылып жатқан мәселелер жөнінде де толығырақ тарқатты.
Өз кезегінде Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының бас маманы, құқықтық еңбек инспекторы Александр Алимпиев кәсіподақ мүшелерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау қызметі мен ұжымдық шарт туралы баяндады. Сондай-ақ, 2024-2026 жылдарға арналған Әлеуметтік әріптестік туралы келісімнің негізгі ережелерін түсіндірді.
Облыстық ұйым өкілдері Мәртөк ауданына сапары барысында бірқатар білім беру ұйымдарына барып, қоғамдық бақылау жүргізіп, кәсіподақ мүшелерімен кездесті. Еңбек заңнамасының қолдану ерекшеліктері мен оқытушылар мүддесін қорғау, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңестер берді.
-
Фото
-