
МЕРКІДЕ ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫНДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР ТҮСІНДІРІЛДІ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Еңбек және салалық заңнамаларды, Әлеуметтік әріптестік актілерін тәжірибеде қолданудың бірқатар сұрақтары» тақырыбындағы кезекті семинар Меркі ауданында өтті. Қ.Жандарбеков атындағы өнер мектебінің мәжіліс залында өткен семинарға білім беру мекемелері мен ұйымдарының басшылары мен басшы орынбасарлары, бастауыш ұйым төрағалары қатысты.
Көшпелі семинар барысында қатысушылар еңбек заңнамасындағы жаңашылдықтар, ұжымдық шарттарға енген өзгерістер мен толықтырулар, оларды іске асыру жолдары, еңбек дауларын шешу мәселелері бойынша тәжірибелік кеңестер алды. Әсіресе, педагог қызметкерлердің аттестаттаудан өтуі және біліктілікті арттыру мәселелері мен мекеме басшылары мен педагогтерді конкурс арқылы тағайындау сұрақтарына баса назар аударылды.
Жергілікті кәсіподақ төрағасының орынбасары Жанболат Орынбеков биыл педагогтерді аттестаттау жаңаша болатынын айтып, оның қалай өтетінін түсіндіріп, біліктілік санатын беру туралы шешімді кім шығаратынын айтты.
- Комиссия кешенді талдамалық жинақтау жүргізіп, педагогтердің материалдарын бағалау парақтарын толтырады. Педагогтерді аттестаттау жөніндегі комиссияның құрамында кемінде жеті адам болады. Комиссия педагогтерің аттестаттау нәтижелері бойынша “өтініш берілген біліктілік санатына сәйкес келеді”, “қолданыстағы біліктілік санатына сәйкес келеді” немесе “қолданыстағы біліктілік санатынан төмен біліктілік санатына сәйкес келеді” деген шешім шығарады. Ал өтпелі кезеңде комиссияның орнына сараптамалық кеңес жұмыс істейді, - деді Жанболат Тұңғышбекұлы.
Ал Жергілікті кәсіподақтың құқықтық қызмет басшысы Әлия Джолшибекова бірінші басшылар мен педагогтерді лауазымға тағайындау және лауазымнан босату жаңа қағидаларға сәйкес қалай жүзеге асатынын түсіндіріп, 2024-2026 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік актілері мен оған енгізілген қосымша Келісімдерді орындаудағы тараптардың өзара міндеттемелері туралы айтты.
Семинар-кеңес соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, пікір алмасты. Қатысушылар көтерілген мәселелердің өзектілігі мен маңыздылығы туралы айтып, алған білімдері мен тәжірибелерін өз ұжымдарында таратуға уағдаласты.
Меркі аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мадина Асанжанова іс-шараның нәтижесінде мекеме басшылары мен бастауыш ұйым жетекшілерінің құқықтық сауаттылығы артып, еңбек заңнамасының нормаларын сақтауға деген жауапкершілік күшейе түскенін жеткізді. Бұл өз кезегінде білім беру саласындағы еңбек жағдайларын жақсартуға және қызметкерлердің құқықтарын қорғауға септігін тигізеді деді.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фото
-