
БАҚЫЛАУ-ТЕКСЕРУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАЛАРЫНА АРНАЛҒАН СЕМИНАР
Кәсіподақ бақылау-тексеру комиссияларының жауапкершілігі мен беделін арттыру және әдістемелік көмек көрсету мақсатында жыл сайын семинарлар ұйымдастырылады.
Ауқымды шараның бірін «Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» ҚБ-і Панфилов аудандық филиалы өткізді.
«Бастауыш кәсіподақ ұйымдарындағы есеп-бақылау комиссиясының жұмысының тиянақты жүргізілуі, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік қорғалуының кепілі» тақырыбында ұйымдастырылған семинарға Панфилов ауданына қарасты барлық білім беру мекемелеріндегі бақылау-тексеру комиссиясының төрағалары қатысты.
Панфилов аудандық кәсіподақ филиалының төрағасы Мақытбек Тұрлыбеков жиынды ашып, мақсаты мен міндетін айтып, күн тәртібін таныстырды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық тексеру комиссиясының төрағасы, Әулиеағаш орта мектебі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Қуаныш Шаяхметов баяндама жасады.
«Кәсіподақтағы бақылау-тексеру комиссиясы Кәсіподақ Жарғысы, мүшелік ұйымдардың жарғылары, кәсіподақтың тиәсті құрылымы туралы ережелер негізінде жұмыс жасайды. Тексеру комиссиясы кәсіподақтың қаржылық-шаруашылық жұмыстарына бақылау жасап, мүшелерден түскен жарнасы мен оның жұмсалуын тікелей қадағалайды. Бұл үлкен сенім мен жауапкершілікті талап ететін қоғамдық жұмыс», -деді Қуаныш Асқарұлы.
Сонымен қатар комиссия құрамы жылына бір рет толық тексеру жұмысын жүргізіп, еңбек ұжымына есеп беруі қажет екенін баяндап, кәсіподақ жарнасы қандай мақсаттарға жұмсалатынын нақтылады. Кәсіподақ жарнасына бақылау жұмысы толық жүргізілгеннен кейін тексеру актісін толтыру керек екенінде айтып, жұмсалған қаржының есебін тексеру актісіне қол қою арқылы рәсімдейтінін жеткізді.
Жиын барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға Панфилов аудандық кәсіподақ филиалының есепшісі Эльмира Теберекова жауап беріп, семинарды қорытындылады.
«Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және
жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу»
жергілікті кәсіподағы» ҚБ-нің баспасөз қызметі
-
Фото
-