
БІЛІМ МАЙДАНЫНЫҢ ҚАЙРАТКЕРІ
Елдің ұлы мұраты жолында талмай еңбек етіп, бар саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнайтын жандардың еңбегі жоғары бағаға лайықты. Баламен жұмыс істеуде әр мұғалімнің өзіндік ерекшелігі, ұстанатын ұстанымы болатыны рас. «Дарынды шәкіртке - талантты ұстаз» дегендей, ұстаздардың білімі мен білігі білім майданында көрінеді. Біз сөз қозғағалы отырған сондай жандардың бірі – Маңғыстау ауданындағы «Е.Айшуақұлы атындағы жалпы білім беретін мектеп» КММ бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшесі, педагог-шебер санатты физика және география пәндерінің мұғалімі Шалбарбаева Лиза Қуандыққызы.
Ол 1985 жылы педагогикалық институтты үздік бітіріп келіп, Жыңғылды ауылындағы В.В.Куйбышев (қазіргі Есір Айшуақұлы) атындағы орта мектебіне физика пәні мұғалімі және пионер вожатый болып орналасқан болатын. Өте еңбекқорлығымен көзге түскен жас маман мектеп әкімшілігінің ұсынуымен Алматы қаласындағы Жоғары партия мектебі жанындағы Республикалық комсомол мектебін, одан соң Орал қаласындағы мектеп басшылары курсын бітірді. Содан бері 40 жыл бойы осы мектепте оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беріп келеді.
Лиза Қуандыққызы көптеген жетістіктерге ие, түрлі сайыстар мен жарыстарға қатысып, жүлделі орындар иеленген, жыл сайын өзі дәріс беретін пәндері бойынша дайындаған оқушылары аудандық, облыстық, республикалық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурстарынан жүлделі орындарын иеленіп келеді, мұғалімнің өзі аудандық және облыстық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурстарының тұрақты қазылар алқасының және мұғалімдерді сараптау комиссиясының мүшесі, мектептерді аттестациялау комиссиясы құрамының да мүшесі. 20 жылда мектеп директорының орынбасары қызметін де атқарып келеді. Ол өзінің көпжылдық тәжірибесі мен білімі арқылы қоғамға үлес қосып, жас ұрпақтың жан - жақты дамуына жағдай жасап келеді.
«Ұстаз тек жас ұрпақты тәрбиелеп қоймайды, сонымен қатар қоғамды да тәрбиелейді» деп ұлылар айтқандай, Лиза Қуандыққызы ауылдың қоғамдық өміріне де белсене қатысады.
Ұстаздың жас ұрпаққа білім мен тәрбие берумен қатар, мектептің «Мирас» мұражайын ашып, дамытуда зор еңбегі бар. Мұражайда тек мектептің емес, бүкіл Жыңғылды ауылының тарихын, өткені мен бүгінін өскелең ұрпаққа ұғындырып жүр.
Ұстаз еңбегі елеусіз емес, Шалбарбаева Лиза бірнеше рет Маңғыстау ауданы әкімінің «Құрмет грамотасымен» және «Алғысымен», аудандық білім бөлімінің «Алғыстарымен,» облыстық білім басқармасының «Алғыс» және «Құрмет Грамотасымен», 2008 жылы Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен», ал 2020 жылы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің «Құрмет Грамотасымен» марапатталды. 2024 жылы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Алғыс хатымен» марапатталып, кеудесіне « Ы.Алтынсарин» төсбелгісін тақты.
«Мектеп-білім тірегі, ұстаз-оның жүрегі» деген қанатты сөз орынды айтылған, Лиза Қуандыққызы - Жыңғылды ауылындағы Е.Айшуақұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің өсіп-өркендеу жолында зор еңбегі, өзіндік қолтаңбасы бар ұстаз.
А.Шугурова,
Маңғыстау облысы, Маңғыстау аудандық кәсіподақ филиалының төрағасы.