
ЕҢБЕК АДАМЫ
“Ұстаз“ сөзі біз үшін қашан да қадірлі, қасиетті саналады. Осы құрметті атаққа кір келтірмей, бар саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге аямай жұмсаған ұлағатты ұстаздар арамызда аз емес. Сондай жандардың бірі, осы салада 37 жыл абыройлы еңбек етіп келе жатқан Хамидуллина Наталья Владимировна.
Наталья Хамидуллина төртінші сынып оқып жүрген кезінде ағылшын тіліне қызығушылық танытып, мектепті бітірген соң бірден Ақтөбе педагогикалық институтына оқуға түседі. Содан бері ол өз мамандығына адалдығын сақтап, осы салада табанды еңбек етіп келеді. Еңбек жолын Мағаджан кеңшарында бастаған, кейін Құдықсай кеңшарында жұмыс істеді. 2001 жылдан бері №2 Хромтау гимназиясында ағылшын тілі мұғалімі қызмет атқарып келеді.
Еңбекқорлық, жауапкершілік, ұқыптылық, шыншылдық сияқты ізгі қасиеттерді бойына жиған Наталья Хамидуллина оқушыларынан да осыны талап етеді. Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді дарытушы ізгі жан бола алды. Тәртіп пен тәрбиеге негізделген білім өз жемісін берді. Наталья апайдың шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық олимпиадалардан жүлделі орындарға ие болды.
Наталья Владимировна – өз шәкірттерін ағылшын тілін меңгеруге ынталандырып, оларды жоғары нәтижелерге жетелейтін ұстаз, сонымен қатар пәнді терең меңгерген және кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіріп отыратын педагог. Еңбек ұжымында ұзақ уақыт бастауыш кәсіподақ төрағасы қоғамдық қызметін қоса атқарып, әріптестерінің әлеуметтік мәселелеріне бей-жай қарамай, педагог мүддесін қорғауға еңбек етті. Бала тәрбиелеу, білім беру ісімен қоса Наталья Хамидуллина қоғамдық істерге де белсене араласып, мектеп өміріндегі игілікті жұмыстардың басы-қасынан табыла білетін нағыз еңбек адамы.
-
Фото
-