
ШАЛҚАР АУДАНЫНДА КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІ БАҚ СЫНАСТЫ
8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Ақтөбе облысының Шалқар аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының қолдауымен «Ұлттық ойындар - халық қазынасы» тақырыбында дәстүрлі тоғызқұмалақ және бес асық ойындары бойынша әйел педагогтар арасында аудандық жарыс өткізілді.
Аудан педагогтарының ынтымақ-бірлігін, достық қарым-қатынасын нығайту, ұлттық ойындарды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған жарысқа 35 кәсіподақ мүшесі қатысты.
Жарыс қорытындысында тоғызқұмалақ ойыны бойынша Ә.Жангелдин атындағы орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Роза Ізтілеуова I орынды қанжығалады. Ал жүлделі II орынға Ақтоғай орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жеңісгүл Жантурина ие болса, III орынды І.Үргенішбаев атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Сандуғаш Нағымбаева мен № 1 мектеп-гимназияның орыс тілі мен әдебиеті пәні Диана Таңатова бөлісті.
Бес асық ойынында жүлделі I орын № 5 мектеп-лицейінің биология пәні мұғалімі Динара Шайноваға бұйырды. І.Үргенішбаев атындағы орта мектебінің информатика пәні мұғалімі Ақмарал Бегимова II орынмен марапатталса, III орынды Сарысай мектеп-бөбекжай-бақшасының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айсұлу Зарипова мен № 6 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Камшат Жолмағанбетова қанжығалады.
Барлық қатысушылар аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ ұйымының бірлескен дипломдарымен, алғыс хаттарымен марапатталып, аудандық кәсіподақ ұйымының сый-сыяпаттарына ие болды.
-
Фото
-