
ЖАРҚЫН ЖҮЗДЕСУДЕ – ЕҢБЕК АДАМДАРЫ
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында БҚО Теректі аудандық балалар шығармашылық үйі кәсіподақ ұйымы мен аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың ұйымдастыруымен өткен «Жарқын жүздесудің» бұл жолғы кеш еңбек адамдарына арналды.
«Жұмысшы мамандықтар» жылына орай әр салада қызметте жүрген жандардың арасында Талпын негізгі орта білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Ақтолқын Нықмұканова, "Сапар" шаруа қожалығының бағбаны Сара Байгелова, Федоровка ЖОББМ кіші қызметкері Қамажай Мұханбетжанова, шаштараз Динара Ашимова, "Пойма-Май комбинатының кәсіпорын меңгерушісі Динара Дамбусинова, Новопавловка ЖОББМ кітапханашысы Алмагүл Өтегенова болды.
Сұхбат тізгінін ұстаған кәсіподақтың Теректі жастар ісі жөніндегі кеңес төрағасы Үміткер Орынғалиев жобаға қатысушыларға «Сұрақ — бізден, жауап — сізден» деген ниетпен кәсіптері мен отбасына қатысты қызықты сұрақтар қойды. Сондай-ақ, қонақ кәдесімен Сара Дәулетқызы бау-бақшасының өнімдерін ала келді. Отандық сүт өнімдерін дайындаудың қыр-сырын білетін Ақтолқын Мұратқызының ұлттық сусындарынан көрермендер дәм татты. Ал Динара Ермекқалиқызы көрерменнің шашын әсемдеп берді. Федоровка ЖОББМ оқушысы Бахтияр Ермеғалиев "Анажан" әнін орындаса, Теректі балалар музыка мектебінің шәкірті Мансур Болат Құрманғазының күйі "Саранжап" күйін тартты. Ал Данияр Рахымғалиев "Ана туралы жыр" гитарамен жанды дауыста ән айтып шараның көрігін қыздырды.
Теректі аудандық оқу-ағарту және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Ұлдай Сарсенова және аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Нұрсұлтан Кәдірғалиев жоба қонақтарын мерекемен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.
Шара соңында жоба кейіпкерлеріне аудан әкімі Әлия Мұханбетжанованың атынан алғыс хат және сыйлықтар табысталды.