
ҚЫЗЫЛОРДАДА САЛА МАМАНДАРЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ
Бүгін Қызылорда қаласындағы Үш тілде оқытатын мамандандырылған сыныптары бар дарынды балаларға арналған «Мұрагер» мектебінде облыстық Білім басқармасы мен Білім кәсіподағының ұйымдастыруымен «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне» арналған салтанатты жиын болып өтті.
Сала ардагерлері мен озық оқытушылардың, үздік ұстаздар мен тәлімді тәрбиешілердің басын қосқан мерекелік шарада Білім басқармасының басшысы Асқарбек Темірбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, дәстүрге сай марапаттау рәсімін жүргізді.
Атап айтсақ, отыздан астам педагогтер аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың «Алғыс хаттарымен» марапатталды. Сонымен қатар облысымыздың жеті ауданы мен Қызылорда қаласынан таңдалған әріптестеріміз «Үздік әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» және «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерін иеленді.
Бұған қоса, облыс аумағында биылғы жылы мерейтойлық жасқа жеткен ардагер ұстаздар да назардан тыс қалмай сый-сияпатқа ие болып, құрметке бөленді.
Саналы ұлт қалыптастыру, білімді ұрпақ тәрбиелеу ісінде жауапкершілік жүгін арқалап, ауыртпалықтарға мойымай еңбек еткен білім саласының ардагер аналарын, аяулы аруларын көктем мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!
Сыр бойының ұшқыр ойлы озат оқушыларын білім нәрімен сусындатуда қажыр-қайраттарыңыз талмасын!
-
Фото
-