
ЖАҢАШЫЛ ҰСТАЗ
Егізгараева Мереке Құлжанқызы шәкірт бойына білім нәрін сеуіп қана қоймай, халқымыздың шұрайлы тілін, қайсар рухқа толы ділін, тарихи-мәдени мұрасын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, Мағжан мен Жүсіпбек мұраларын зерттеп, болашақ ұрпаққа насихаттап жүрген ерекше жан.
Көнеден келе жатқан әдістермен оқыту арқылы оқушылардың кітап оқуға құштарлығын арттыра білетін Мереке Құлжанқызы – адам жанының емшісі.
Өзі көп балалы ана болғанына қарамастан жыл он екі ай, тіпті жазғы демалыс уақытында да оқушылармен тығыз байланыс орнатып, туған өлкеміздің тарихын, мәдениетін, әдебиетін, барлық құнды жәдігерлерін танытуға, заманауи мәдениетпен де танысуына уақытын аямай еңбек етіп келеді.
Осындай қыруар еңбегінің арқасында бүгінгі таңда мектепте жасөспірімдерге арналған «Оратор» тұлғалық даму клубы мен аналарға арналған «Сүмбіле аналар клубы» бар.
«Оратор» клубының негізгі міндеті оқушыларды шығармашылыққа, өмірге, қоғамға бейімдеуге, мәдениеті жоғары интеллегенция қалыптастыруға бағытталса, «Сүмбіле аналар клубының» міндеті бала тәрбиесіне, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған кітаптарды талдау арқылы кемел ұрпақ тәрбиелеу.
Мереке ата-ана мен оқушыға ғана емес, мектептегі барша сынып жетекшілеріне де үлгі болып, өзінің үздік тәжірибелерімен бөлісіп, «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығының» жұмысын жандандыруға да үлес қосып келеді. Бала тәрбиесі туралы әртүрлі семинар, дәрістерді тұрақты өткізіп, жас мамандарға шеберлік сағаттарында тәлімгер болып отыр.
Міне, бүгінгі жаһандану дәуірінде қазақ халқының ешкімге ұқсамайтын төл мәдениетін, дәстүрі мен тәрбиесін келешек ұрпақ жадында мәңгілік жаңғырып, замана ағымында жұтылып кетпеуіне бар ерік-жігерін, күш-қайратын жұмсап жүрген ерекше мұғалім біздің мақтанышымыз.
А.Нұржанова,
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, Т.Айбергенұлы атындағы №19 мектеп-гимназиясының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы.