
ХРОМТАУ АУДАНЫНДА БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ
«Жұмысшылар жылы» аясында Ақтөбенің Хромтау ауданында білім саласының қызметкерлері Наурыз мерекесіне орай марапатталды. Барлық жетістіктің негізі – адал еңбек пен іскерлік, деп атап өткен аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының өкілдері жыл сайынғы дәстүр бойынша үздік педагогтар мен кіші қызметкерлерді марапаттауды жөн көрді.
Салтанатты шараның басты мақсаты – білім саласында ұзақ жылдар бойы тер төгіп жүрген мамандарды құрметтеу, олардың еңбегін бағалау. Бұл жолы Хромтау аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының қолдауымен бірнеше ұстаз бен қызметкер марапатқа ие болды. Кәсіподақ мүшелеріне аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ ұйымының бірлескен алғыс хаттары, ақшалай сертификаттары табысталды.
«Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен Сарысай орта мектебінің директоры Нариман Нұрмұханов марапатталды. Бұл награда оның мектептің дамуында, әлеуметтік әріптестікті нығайтуда қосқан үлесін жоғары бағалаудың нәтижесі болды.
Салтанатты жиында «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі Құдықсай негізгі мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Роза Биржановаға табысталды. Оның мектеп ұжымындағы еңбек жағдайларын жақсартуға және ұстаздар қауымының әлеуметтік құқықтарын қорғауға бағытталған жұмыстары да елеусіз қалмай, ерекше атап өтілді.
Басқосуда «Зерде» ғылыми жобалар байқауының облыстық және республикалық деңгейде жүлдегерлерді тәрбиелеген ұстаздар да марапатқа ие болды. Бұл байқау жас дарындардың білімге деген қызығушылығын арттырып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытудың маңызды алаңы болып табылады. Аталмыш байқаудың жеңімпаздарын тәрбиелеген ұстаздар ерекше сый-құрметке бөленді. Сондай-ақ, шәкірттерін спортта жоғары жетістіктерге жеткізген мұғалімдер де назардан тыс қалған жоқ. Бұл марапаттар олардың шәкірттерінің жетістіктеріне, сондай-ақ спорт пен білім саласындағы табысты жұмыстарына үлкен баға бергендіктің дәлелі.
Шараның соңында аудан өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салып, жиналғандарға көңіл-күйін сыйлады.
-
Фото
-