
«ҒИБРАТҚА ТОЛЫ ҒҰМЫР»
Кеше Кәсіподақтар үйінің мәжіліс залында өткен белгілі қоғам қайраткері, еліміздегі кәсіподақтар қозғалысының ардагері, «Парасат» орденінің иегері, Атырау облысының, Атырау қаласының және Махамбет ауданының «Құрметті азаматы» Мәдина Ғабдісәлімованың 90 жасқа толуына арналған шара осылай аталды. Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігі ұйымдастырылған бұл шараға сонау 80-90-шы жылдары бүгінгі мерейтой иесімен бірге кәсіподақ саласында қызметтес, сыйлас болған ардагерлер, салалық кәсіподақтардың жетекшілері, бірлестік жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің белсенді мүшелері шақырылды
Қонақтар алдымен тоқсанның төріне шыққан Мәдина Ғабдісәлімқызының өмірі мен қызмет жолын баяндайтын деректі бейнебаянды тамашалады. Бұдан соң Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Әлібек Семғалиев сөз алып, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталинның Құттықтау хаты мен әріптестер атынан сый-сияпатын табыстады.
Мәдина апаймен кәсіподақтар саласында 20-30 жылдан түрлі жауапты қызметтер атқарған әріптестері Жұмабай Доспанов пен Раушан Сариева, сондай-ақ салалық кәсіподақтардың төрағалары Жұмазия Есімова, Қылышбай Сүндетұлы, Майра Кашкенова, Гүлнар Шайхашевалар құттықтау тілектерін жеткізді.
Ғибратты ғұмыр иесінің облыстық кәсіподақтар кеңесін басқарған жылдардағы еңбек адамының құқықтарын қорғаудағы кәсіподақтың тындырған істері, кейінгі толқын жастарға арнаған ақыл-кеңестері мен баталы сөздері және өнегелі өмір жолының шуақты сәттері туралы әсерлі әңгімесін үш ұрпақ өкілдері зейін қоя тыңдады. Кеш қонағы Мәдина Ғабдісәлімқызы өзіне көрсетілген зор құрмет үшін шынайы ризашылығын айтып, еңбек адамдарының құқықтарын қорғау, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік мәселелерде туындаған жайттарды заңнамалық негізде шешу және түрлі дау-дамайлардың алдын алудағы жауапты қызметтеріне сәттіліктер тіледі.
Салтанатты шара қонақтарына Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның әншілері әуезді ән, әсем әуендерін тарту етті.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ баспасөз қызметі
-
Фото
-