
КӘСІПОДАҚ ҚОЛДАУЫМЕН: БІЛІМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КӨКТЕМГІ ДЕМАЛЫСЫ
Ақтөбе облысының Алға, Темір, Ойыл, Қобда, Қарғалы және Әйтеке би аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының қолдауымен кәсіподақ мүшелері көктемгі демалыс уақытында ерекше саяхатқа шықты. Ұстаздар Өзбекстанның тарихи қалалары мен еліміздің киелі өңірлерін аралап, мәдени-танымдық сапар жасады.
Саяхат барысында мұғалімдер Самарқанд, Ташкент қалаларының тарихи орындарымен танысып, Ұлы Жібек жолының ізімен жүрді. Сонымен қатар, Түркістан мен Шымкент қалаларында болып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Арыстанбаб кесенесі, Домалақ ана кесенесі, Отырар қалашығы сияқты киелі жерлерді аралады.
Бұл сапар ұстаздарға ерекше әсер қалдырып, олардың рухани әрі мәдени дүниетанымын кеңейтуге ықпал етті. Мұғалімдер кәсіподақ ұйымының қолдауына ризашылық білдіріп, осындай шаралардың алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім білдірді.
Айта кетейік, кәсіподақ ұйымы білім қызметкерлерінің кәсіби ғана емес, мәдени дамуына да көңіл бөліп, олардың демалысын тиімді ұйымдастыруға ерекше мән беріп келеді.
Сонымен қатар, Қобда ауданының бір топ кәсіподақ мүшесі Алға өңіріндегі шипажайда ем алса, Ойыл және Темір ауданының бір топ білім қызметкері денсаулықтарын нығайту мақсатында Сарыағаш өңіріндегі шипажайларда демалды. Шипажайдағы демалыс барысында ұстаздар минералды су көздерінің шипалы қасиетін сезініп, түрлі емдік-сауықтыру процедураларынан өтті. Денсаулықты қалпына келтіруге арналған арнайы массаж, минералды ванналар мен физиотерапиялық емдеу әдістері мұғалімдердің тынығып, сергіп қайтуына көмектесті. Сондай-ақ, таза ауада серуендеп, табиғаттың әсем көріністерін тамашалау да демалушыларға ерекше әсер сыйлады.
-
Фото
-