
БІЛІМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КӨКТЕМГІ ДЕМАЛЫСЫ: ДЕНСАУЛЫҚ ПЕН ТАНЫМДЫҚ САЯХАТ
Көктемгі демалыс – ұстаздар қауымы үшін тек тынығу ғана емес, жаңа әсерлер мен тың серпін жинайтын ерекше уақыт. Осы орайда, Ақтөбе облысының Байғанин, Шалқар, Мұғалжар, Хромтау, Ырғыз және Мәртөк аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының қолдауымен бірқатар ұстаздар мен кәсіподақ мүшелері Сарығаш және Тараз өңіріндегі, Алға ауданындағы шипажайларда ем алып, тарихи-танымдық саяхаттар жасады.
Сонымен қатар, Шалқар, Хромтау, Мұғалжар, Ырғыз аудандарының бір топ кәсіподақ мүшесі Қостанай өңіріндегі шипажайда демалды. Табиғаты көркем, емдік қасиеті мол аймақта ұстаздар денсаулықтарын нығайтып, жаңа жұмыс кезеңіне күш-жігер жинап қайтты.
Шалқар ауданының бір топ кәсіподақ мүшесі Түркістан мен Шымкент қалаларына сапар шекті. Ұстаздар киелі Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, Әзірет Сұлтан тарихи-мәдени кешеніне, Керуен сарай туристік орталығына барып, қазақ тарихының терең қабаттарына үңілді. Сондай-ақ, Шымкент қаласының мәдени-тарихи орындарын аралап, ондағы ұлттық құндылықтармен танысты.
Осындай игі бастамалар ұстаздар қауымына тек физикалық демалыс емес, рухани серпіліс сыйлады. Білім қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған мұндай шаралар олардың кәсіби қызметіне де оң әсерін тигізері сөзсіз.
Кәсіподақ ұйымының бұл қолдауы алдағы уақытта да жалғасып, білім саласының қызметкерлері үшін осындай пайдалы әрі мағыналы демалыстар ұйымдастырыла бермек.
-
Фото
-