
БАСТЫ МІНДЕТ – ЕҢБЕК АДАМЫНЫҢ МҮДДЕСІН ҚОРҒАУ
«Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Атқару комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Оған Жергілікті кәсіподақтың өңірлердегі Филиал жетекшілері мен құқықтық еңбек инспекторлар мен мамандар қатысты. Алқалы отырыста өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысымен қатар жұмсалған қаржы есебі де қаралып, талқыланды.
Жиынды Жергілікті кәсіптік одағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ашып, өткен жылы көп жұмыстың атқарылғанын, бірақ бірқатар кемшіліктерге де жол берілгенін атап өтті. «Жұмыс болған жерде кемшілік болады, бірақ біздің міндет ол кемшілікті түзеп, бұдан былай ондай қателіктерге жол бермеу. Сондықтан да, алдағы жұмысымызды жүйелеп, жоспарлап, бағытымызды айқындап алу үшін жіберген кемшіліктерден сабақ алуға тиіспіз. Біздің басты міндетіміз – еңбек адамының мүддесін қорғау», - дей келіп кеңестің күн тәртібімен таныстырды.
Күн тәртібіне қойылған барлық мәселе толық қаралды. Атап айтсақ, облыстық ұйымның бас есепшісі Гүлия Акимбаева өткен жылдың қаржылық есебін берді. Ал Мойынқұм мен Жуалы аудандары бойынша құқықтық еңбек инспекторлары Бекен Тилеужанов пен Гүлжан Орымбаева білім саласы қызметкерлерінің құқығын қорғау бойынша жүргізілген тексеру жұмыстарына тоқталды.
Ал облыстық ұйымның құқықтық инспекция басшысы Әлия Джолшибекова тексеріс барысында өткен жылы 171 заң бұзушылықтың анықталғанын, алдыңғы жылы оның саны 131 болғанын, былтыр 40 дерекке артқанын айтып, аталған аудандардағы жол берілген заңсыздықтардың себеп-салдарына тоқталды. Сондай-ақ, жиын барысында кәсіподақтың қаржы-шаруашылық, кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасы өкілдерін сауықтыру шаралары мен басқа да маңызды мәселелер қаралып, жан-жақты талқыланды.Сын-ескертпелер де айтылды.
Қорытындысында жиын төрағасы Ерұлан Мағзымбеков бірқатар аудандық филиал жұмысын сынға алып, ескерту бере отырып жұмысты жандандыруды тапсырды.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы.
-
Фото
-