
ЖАМБЫЛДЫҚ ЖҰМЫСШЫЛАРДЫҢ ТҮРКІСТАНҒА ТАНЫМДЫҚ САПАРЫ
Тарихы тереңде жатқан Түркістан өлкесі әр адам барып көруді армандайтын орталық екені сөзсіз. Өңірде бірнеше ғасырдың куәсі болған қалалар, тарихи ғимараттар, кесенелер мен киелі орындар жетерлік. Осы ретте, тарихы тылсымға толы Түркістан қаласына арнайы сапар ұйымдастырылды.
Мемлекет басшысының бастамасымен биылғы жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жариялануына байланысты Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғарғы білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Талас және Сарысу аудандық филиалдарының мекемелерінде жұмыс істейтін жұмыскерлер киелі өлкеге саяхаттап қайтты.
Сапар барысында жұмысшылар Оңтүстік өңір мен Түркістан қаласының тарихи және мәдени орындарымен танысты. 100 адамнан құралған туристер-кәсіподақ мүшелері «Домалақ-ана» кесенесі, «Ақ мешіт» жер асты мешіті, «Арыстан баб» мазары мен Түркістан қаласында орналасқан Қ.А.Яссауи кесенелерінде болып, таным арттырды. Саяхатшылар тарихи-тағылымы мол киелі мекеннің жердің қыртысындай қатпарланған тарихымен танысып, «Әзірет Сұлтан» мәдени қорығы мен Керуен Сарай (Жаңа Венеция) туристік кешендерін тамашалады. Әрбір ғимараттың тарихы мен сәулеті туралы қызықты мәліметтер алып, олардың маңызын түсінді.
Туристтік саяхат қасиетті Рамазан айына түсуіне байланысты Түркістан қаласында кәсіподақ мүшелеріне ауыз ашар ұйымдастырылып, әруақтарға құран бағышталды.
Жұмысшылардың айтуынша, бұл сапар олар үшін өте пайдалы әрі қызықты болды. Мұндай туристік-танымдық сапарлар жұмысшылардың рухани байлығын арттыруға және олардың кәсіби қызметіне шабыт беруге ықпал ететін болады.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фото
-