
КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІ АРАСЫНДА ОТБАСЫЛЫҚ САЙЫС
2 сәуір күні М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде дене тәрбиесі кафедрасының ұйымдастыруымен және бастауыш кәсіподақ ұйымының қолдауымен профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлер арасында ұлттық отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді сақтауға бағытталған «Әкешім, анашым және мен, бақытты спорттық отбасымыз!» атты спорттық сайыс өткізілді.
Сайыстың мақсаты - профессор–оқытушылар құрамы мен қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, ата-ана мен бала арасындағы отбасылық құндылықтарды спорт арқылы дәріптеу, балалар мен олардың ата-аналарының денсаулығын нығайту, дене шынықтыру мен спортқа деген сүйіспеншілікті, достық сезімді қалыптастыруға атсалысу.
Биылғы жылы отбасылық сайысқа университет факультеттері мен құрылымдық бөлімшелерінен құралған 8 команда қатысып, спорттың 8 түрінен сайысқа түсті.
Тартысқа толы бәсекеде жүлделі І орынды тарих, экономика және құқық факультетінің атынан шыққан Төреғалиевтер отбасы, ІІ орынды мәдениет және өнер факультетінен қатысқан Сатыбалдиевтер отбасы, ІІІ орынды педагогика факультетінің намысын қорғаған Наурызбаевтар отбасы иеленді.
Жеңімпаз командалар дипломдармен және университеттің бастауыш кәсіподақ ұйымы тарапынан бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сайысқа қатысқан барлық бүлдіршіндерге тәттілер жиынтығы таратылды.
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің бастауыш кәсіподақ ұйымы
-
Фото
-