
«ТАЛАНТТЫ АРДАГЕР – ТАЛАПТЫ ЖАС ҰСТАЗ» ДӘСТҮРЛІ ФЕСТИВАЛІ
Абай облысының білім қызметкерлерінің ардагерлер кеңесі мен Салалық кәсіподақтың Абай облыстық ұйымы бірлесіп ұйымдастырған шара облысымыздың талантты ардагерлері мен жас ұстаздарының үлкен өнер мерекесіне айналды.
Биылғы фестивальдің ерекшелігі – ұлы Абайдың 180 жылдығына арналған «Абай әндерін үздік орындау» вокалдық топтар байқауы және Жеңістің 80 жылдығы мен ҚР Конституциясының 30 жылдығына арналған патриоттық әндер байқауларының өткізілуінде болды.
Фестивальге қатысушы аға буын мен жас ұстаздар Абай әндерін шеберлікпен орындап, соғыс кезіндегі әндерді сахналық қойылымдармен ұштастырып, егемен еліміз туралы әндерді жігермен, еліне деген сүйіспеншілікпен орындап, көрермендерді тәнті етті.
Абай әндерін үздік орындаған вокалдық топтар:
Бас жүлде – Ақсуат ауданы;
I орын – Мақаншы ауданы;
II орын – Аягөз және Абай аудандары;
III орын – Жарма, Бородулиха және Көкпекті аудандары.
Патриоттық әндерді үздік орындағандар:
Бас жүлде – Мақаншы ауданы;
I орын – Абай ауданы;
II орын – Ақсуат ауданы және Семей қаласы;
III орын – Аягөз, Бородулиха және Көкпекті аудандары.
Жеңімпаздарға білім басқармасының дипломдары мен облыстық кәсіподақ төрағасы Ибраев С. М. қаржылай сыйақыларды табыстады. Бесқарағай ауданының өнерпаздары белсенді қатысқаны үшін арнайы дипломмен марапатталды.
Фестивальге ардагерлердің қатысуын ұйымдастыруда белсенділік танытқан аудандық білім бөлімінің басшылары, әдіскерлер және кәсіподақ төрағалары білім басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Ардагер ұстаздар – жастар мен оқушыларға ғана емес, бүкіл қоғамға үлгі-өнеге бола алатын тұлғалар. Олар өткен мен бүгінгіні байланыстырып, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етеді, халықты тәрбиелеуде білім мен өнерді қатар алып жүреді.
Бұл ретте билікте отырған жас басшылардың ардагерлердің потенциалын дұрыс қолдануы– нұр үстіне нұр болатыны сөзсіз.
М.Ахметова,
Абай облысы білім басқармасы жанындағы
ардагерлер кеңесінің төрайымы
-
Фото
-