
КӘСІПОДАҚТЫҢ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУДАҒЫ НАҚТЫ ЖЕҢІСІ!
2025 жылғы 10 сәуірде Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы тәрбиеші Аманжолова Динара Жандиллаевнаның еңбек құқығы бойынша берген талап арызына қатысты әділетті шешім шығарды. Бұл іске Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымы белсенді түрде араласып, кәсіподақ мүшесінің заңды мүддесін қорғауға үлкен үлес қосты.
Сот алқасының қаулысына сәйкес:
• Динара Жандиллаевна Аманжолованың 2024 жылғы 23 шілдеде жұмыстан босатылу туралы бұйрығының күші жойылды;
• Ол бұрынғы тәрбиеші қызметіне қайта орналасты;
• Амалсыз бос жүрген уақытына өтемақы ретінде 1 560 000 теңге жалақы өндірілді;
• Моральдық зиян үшін 50 000 теңге өтемақы тағайындалды;
• Сонымен қатар, үш айлық орташа жалақы көлемінде 780 000 теңге дереу өндірілетін болып шешілді.
Бұл нақты нәтиже – кәсіподақ ұйымының құқық қорғау бағытында атқарып жатқан жұмыстарының айқын көрінісі. Даулы жағдай басталған сәттен бастап, кәсіподақ мүшесін заңды және кәсіби түрде сүйемелдеп, адвокаттық қолдау көрсетіп, барлық сот процесіне белсенді қатысып отырды. Іс Түркістан қалалық сотынан басталып, облыстық деңгейге дейін жалғасты. Әр кезеңде де кәсіподақ өз мүшесінің мүддесін қорғаудан тартынған жоқ.
Мұндай әділеттің орнауы – әлеуметтік әріптестіктің нығайып келе жатқанын, еңбеккерлердің құқықтарының қорғалатынын, кәсіподақтың нақты іспен айналысатынын көрсететін жарқын мысал.
Бүгінде білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы тек жалақы мәселесімен шектеліп қалмай, еңбек заңнамасының сақталуы, әділетсіз жұмыстан босатуға қарсы тұру, моральдық зиянды өтеу, кәсіподақ мүшелерінің беделі мен құқығын қорғау жолында нақты нәтижелерге қол жеткізіп отыр.
Осындай сәттерде кәсіподақтың шынайы маңызы, ұстаздар үшін сенімді тірек бола алатыны дәлелдене түседі.
Кәсіподақ – еңбек адамының заңды құқығын қорғайтын тірек.Әрбір мүшенің мүддесі – басты назарда!