
ҚОРДАЙЛЫҚ ҰСТАЗДАР СПАРТАКИАДАСЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
Жеңімпаздардан жасақталатын ауданның құрама командасы алда өтетін облыстық «Тәуелсіз елдің спорт сүйер ұстаздары» спартакиадасында аудан намысын қорғайтын болады. Спартакиада білім саласы қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында Қазақстан кәсіподақтарының құрылғанына 120, салалық кәсіподақтың құрылғанына 100, кәсіподақтар федерациясының құрылғанына 35 жыл және Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен қатар келген «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Жергілікті кәсіподақ пен облыстық білім басқармасымен ұйымдастырылған.
Спартакиада білім саласы қызметкерлері арасында дене шынықтыру-сауықтыру мен бұқаралық-спорттық іс-шараларды дамытуға, әлеуметтік әріптестікті нығайтуға бағытталған. Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Ұстаздар қауымын Қордай ауданы әкімдігінің білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков, кәсіподақ ардагері Фатима Байбекова мен аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Қарлығаш Қыпшақбаева ашып, сәттілік тіледі.
Тартысты ойындар нәтижесінде жеке спорт түрлерінен 90 килограмнан жоғары салмақта армрестлинг және кір тасын көтеруден М.Әуезов атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Н.Қуатбековке тең келер қарсылас болмады. Ал асық атуда М.Дулатұлы атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімдері Н.Сейлханов пен Ж.Рысбек, қыздар арасында Р.Бағыдат жүлделі орыннан көрінді. Үстел теннисінен Санва Юбур және Сәуле Иманалы қарсыластарына еш мүмкіндік бермеді. Ерлер мен қыздар арасында өткен волейболда «Колхоз-2» құрама командасы, кіші футболда «Отар» құрама командасы жүлделі орыннан көрінді.
Ойын қорытындысында «Колхоз-1» командасы барлық ойын түрлері бойынша топ жарып, бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды командалық есепте «Орталық», үшінші орынды «Совхоз» құрама командалары иеленді. Жеңіс тұғырынан көрінген командалар арнайы дипломдармен, сыйлықтармен марапатталды.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері жергілікті кәсіподағының Қордай аудандық филиалы.
-
Фото
-