
ҰСТАЗДАР САЛАМАТТЫ ӨМІР САЛТЫН ҰСТАНАДЫ
Жамбыл облысы Жуалы аудандық спорт кешенінде білім қызметкерлері кәсіподақ мүшелері арасында «Тәуелсіз елдің спорт сүйер ұстаздары» атты ІХ облыстық спартакиаданың аудандық кезеңі өтті. Ұстаздар қауымы қатысқан спорттық жарысты аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы мен аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев ашып, командаларға сәттілік тіледі.
Спартакиаданың мақсаты – білім саласы қызметкерлері арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру, дене шынықтыру мен спортты дамыту, ұстаздар арасында достық қарым-қатынасты нығайту болды. Мұғалімдер спорттың волейбол, кіші футбол, үстел теннисі, асық ату, тоғызқұмалақ, бильярд, жеңіл атлетика, армрестлинг және гір тасын көтеру түрлері бойынша сынға түсті.
Жарыс барысында тартысты ойындар мен қызықты сәттер көп болды. Қатысушылар өздерінің спорттық шеберліктерін көрсетіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, жалпыкомандалық есепте I орынды №2 Мыңбұлақ орта мектебі иеленсе, II орынның жүлдесін аудандық «Аула клубы» мекемесі қанжығасына байлады, ал III орынға Ә.Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лецейінің құрамасы лайық деп танылды.
Кіші футболдан «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы» және «Үздік шабуылдаушы», ал волейболдан «Үздік үйлестіруші» және «Үздік шабуылдаушы» номинацияларымен жекелеген мұғалімдерге марапат тапсырылды. Спартакиаданың қорытындысында жекелеген және командалық спорт түрлерінен жеңімпаз және жүлдегер атанған құрамалар мен ұстаздар Диплом, медаль және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін «Білім қызметкерлері кәсіподағының Жуалы аудандық комитеті» филиалының төрағасы Мәжит Айжанов марапаттап, қатысушыларға алғыс білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Жуалы аудандық филиалы.
-
Фото
-