
КӘСІПОДАҚ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ҚАРЖЫЛЫҚ ТӘРТІП ПЕН ТӘЖІРИБЕ: ЕСЕПШІЛЕРГЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымы қаржылық жұмыстардың ашықтығы мен тиімділігін арттыру мақсатында аудандық кәсіподақ ұйымдарының есепшілеріне арналған семинар ұйымдастырды. «Кәсіподақтағы қаржылық жұмыс» тақырыбындағы бұл басқосу - сала мамандарының тәжірибе алмасып, өзекті мәселелерді бірлесе талқылауына мүмкіндік берді.
Семинарды облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова ашып, қатысушыларға өткен жылғы атқарылған жұмыстар жөнінде толық мәлімет берді. Кәсіподақ көшбасшысы есепті кезең ішінде атқарылған негізгі шараларды баяндап, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған нақты жұмыстарды тілге тиек етті. Атап айтқанда, қызметкерлердің жалақысын уақытылы алуына, еңбек жағдайының қауіпсіздігіне, денсаулығын сақтау мен еңбек демалысына шығу тәртібіне байланысты құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету бойынша жүргізілген жұмыстармен таныстырды. Сонымен қатар, педагогтардың заңды мүдделерін қорғау, еңбек дауларын шешу және әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету бағытындағы бастамалар мен қол жеткізілген нәтижелер жайында да кеңінен әңгімеледі.
Сөз соңында ұйым төрағасы Раушан Серікова Байғанин, Алға және Мұғалжар аудандық кәсіподақ ұйымдарының белсенді есепшілерін білім беру саласындағы табысты еңбектері мен кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғаудағы елеулі үлестері үшін қаржылай сертификаттармен марапаттады.
Семинар барысында облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Жұмагүл Обаева кәсіподақ құрылымындағы қаржылық жұмыстың өзектілігіне назар аударып, есеп жүргізу мен қаржы бақылау жүйесіне енгізіліп жатқан жаңа тәсілдер мен өзгерістер жөнінде мазмұнды баяндама жасады.
Семинар соңында облыстық ұйымның бас есепшісі Алтын Базарғалиева «1С бухгалтерия» бағдарламасын тиімді пайдалану жөнінде кеңес берді. Ол бағдарламаның есепшілерге беретін мүмкіндіктерін толық игеріп, туындаған мәселелерді уақтылы шешу үшін біріге жұмыс істеуге шақырды.
Басқосу соңында жиналған есепшілер өзара тәжірибе алмасып, есеп жүргізудің тиімді әдістерімен бөлісті. Бұл семинар кәсіподақ ұйымдары арасында өзара байланыс орнатуға, кәсіби даму мен бірлескен әрекетті жандандыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.
-
Фото
-