
ЖАС КЕЛСЕ – ІСКЕ!
Білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру – әр ұстаздың абыройлы борышы. Осындай жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген жас мамандардың бірі – Қатарбаева Аружан Нұрсұлтанқызы.
Аружан Нұрсұлтанқызы 2002 жылдың 10 ақпанында Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Көптоғай ауылында дүниеге келген. Бала күнінен білімге құштар, алғыр қыз 2019 жылы Құрман орта мектебін үздік аяқтап, арманына қадам басып, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенті атанды. 2023 жылы осы жоғары оқу орнын үздік дипломмен тәмамдап, туған жеріне қайта оралып, Жақсыбайкөл негізгі мектебінде химия-биология пәні мұғалімі ретінде еңбек жолын бастады. Ұстаздық жолындағы алғашқы қадамынан-ақ Аружан өз кәсібіне деген шынайы сүйіспеншілігін, тың идеялары мен жанашырлығын көрсете білді. Жас маманның еңбекқорлығы мен бастамашылдығы нәтижесінде 2025 жылы тәрбие ісі жөніндегі орынбасар лауазымына тағайындалды. Бұл – оның аз ғана уақытта үлкен сенімге ие болғанының айғағы.
Жас маман ретінде еңбек жолын енді ғана бастағанына қарамастан, Аружан Нұрсұлтанқызы түрлі деңгейдегі байқаулар мен жобаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Ол “Жетекші мектептер” жобасы аясында өткен “Ұлттық құндылықтар – тәрбие негізі” атты аудандық семинарда озық тәжірибесімен бөлісіп, Алғыс хатқа ие болды. “Дарынды балаларға – талантты ұстаз” атты республикалық педагогикалық байқаудың аудандық кезеңінде 3-орын, облыстық кезеңінде 1-орын, ал республикалық деңгейде 3-орын иеленіп, кәсіби шеберлігін дәлелдеді. Сонымен қатар, “Үздік жас маман” республикалық байқауында 2-орын, “Үздік ашық сабақ” номинациясы бойынша 3-орын жеңіп алды. Ойыл ауданы әкімдігі тарапынан Алғыс хатпен марапатталып, “Nobel Fest Teachers Summit” халықаралық конференциясына қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Бүгінгі таңда ұстаз – тек білім беруші ғана емес, шәкіртінің жан дүниесіне терең үңіліп, өмірлік бағыт-бағдар көрсетуші тұлға. Осындай қасиеттердің бәрін бойына жинақтаған Аружан Нұрсұлтанқызы – болашағынан зор үміт күттіретін жас маман. Оның жетістіктері – білім мен еңбекке деген адалдықтың нәтижесі, ал болашақтағы асулары – талпынысы мен табандылығының кепілі.
Жас келсе – іске! демекші, Аружан сынды жас ұстаздардың білім саласына қосар үлесі зор боларына сенім мол.
-
Фото
-