
ЖАС КЕЛСЕ – ІСКЕ
Қазіргі қоғамда ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс істейтін мамандардың орны ерекше. Солардың бірі – өз ісіне адал, білікті маман, сурдопедагог-логопед Дүйенбаева Роза Берікқызы.
Роза Берікқызы еңбек жолын 2021 жылы «Ақтөбе облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесіне қарасты Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінде сурдопедагог-логопед маманы ретінде бастады. Бір жылдан кейін, 2022 жылы, Қамқорлық оңалту орталығына логопед ретінде жұмысқа орналасып, ерекше балалардың тіл дамуы мен әлеуметтік бейімделуіне өз үлесін қоса бастады. Ал 2024 жылдан бастап Ақтөбе облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясы КММ-де сурдопедагог маманы қызметін атқаруда.
Төрт жылдық еңбек өтілі ішінде ол ерекше білімді қажет ететін балалармен үздіксіз және нәтижелі жұмыс істеп келеді. Өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарап, балалардың тілдік қабілеттері мен әлеуметтік ортаға бейімделуіне көмек көрсетуді басты мақсаты санайды.
Розаның еңбегі ел ішінде де еленіп келеді. 2024 жылы “Jas Julyz” Республикалық байқауында “Үздік ұстаз” медалімен марапатталды. Сол жылы “Daryndar Alemi” Халықаралық шығармашылық ассоциациясы ұйымдастырған балалар мен жасөспірімдерге арналған байқауда тағы да “Үздік ұстаз” медалін иеленді. Бұдан бөлек, 2023 жылы “Zeyindi bala” байқауында балаларды қолдап, бағыттағаны үшін Алғыс хатпен марапатталды. 2022, 2023 және 2024 жылдары Ақтөбе облыстық олимпиадаларында шәкірттері 1, 2 және 3 орындарға ие болса, 2024 жылы Ақтөбе облыстық “Аққу” фестиваліне қатысқан оқушылары жүлделі 3-орын алып, өзі “Үздік жетекші” дипломына лайық деп танылды.
Өз ісіне деген шынайы сүйіспеншілік пен балаларға деген жанашырлық – Розаның басты қағидасы. Ел болашағы – білімді ұрпақ десек, сол ұрпақтың тәрбиесі мен дамуына үлес қосып жүрген мұндай ұстаздардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.
-
Фото
-