
ЖЕТІСУДА ВОЛЕЙБОЛДАН ЖАРЫС ӨТТІ
Дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындығы және қосымша білім берудің ғылыми тәжірибелік орталығы 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Жетісу облысы білім басқармасының Кубогіне ерлер арасында волейболдан жарыс өткізді.
Жарысқа аудандық, қалалық білім мекемелерінің басшыларынан құралған 11 команда қатысты. Оның бірі облыстық, аудандық, қалалық филиалдардың және бастауыш ұйымдарының төрағалары мен мамандарынан құралған Жетісу облысы кәсіподақ ұйымының командасы.
Шараның ашылу салтанатында Жетісу облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Қасымов, Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағының төрағасы Мэлс Құлмұханұлы Төлепбергенов сөз сөйлеп, барша мекеме басшыларын мерекемен құттықтады.
Командалар жеребе арқылы екі топқа бөлініп, өзара жолдастық кездесу өткізді. Құлжабай Қасымов атындағы №28 IT мектеп-лицейі мен №29 орта мектеп-лицейінің базасында командалар екі күн бойы мықтыларды анықтады.
Жүзден жүйрік шығып, І орынды Панфилов ауданы, ІІ орынды Текелі қаласы, ІІІ орынды Алакөл ауданы иеленді. Ауқымды жарысқа алғаш рет қатысқан кәсіподақ ұйымының командасы үздік ойын көрсетіп, ІV орынға тұрақтады.
Марапаттау сәтінде әлеуметтік әріптестік аясында облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мэлс Құлмұханұлы жақсы ойын көрсетіп, жарысқа белсене қатысқан барлық командаларға қаржылай сыйлықтарды табыс етті.
Жетісу облыстық ұйымының баспасөз қызметі
-
Фото
-