
ЗАМАНАУИ МЕКТЕПКЕ - ТАЛАПТЫ МҰҒАЛІМ
Ақтөбе облысының Қарғалы ауданы Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасында «Жас педагогтар мектебі» шеңберінде оқу жылының қорытындысына арналған «Заманауи мектепке – талапты мұғалім» тақырыбында мектепішілік байқау ұйымдастырылды.
Байқаудың басты мақсаты – бүгінгі білім беру үрдісінде жас педагогтардың шығармашылығын дамыту, олардың мотиватор және фасилитатор ретіндегі рөлін қалыптастыру, сонымен қатар инновациялық идеялар мен әдістерді ілгерілету.
Іс-шара TEDx форматында өткізіліп, қатысушылар заманауи білім беру жүйесін жетілдіру жолында өздерінің тың идеялары мен кәсіби көзқарастарын ортаға салды. Байқау барысында қатысушылардың креативті ойлау қабілеті мен әдістемелік ізденістері бағаланды.
Шарада Қарғалы аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Гүлнара Байменшина жас мамандарға сәттілік тілеп, олардың рөлінің маңыздылығын атап өтті.
Байқау нәтижесінде Әйгерім Қалмағамбетова Гран при иегері атанса, Серік Садықов I орын, Айдын Шибаев II орын, ал Арайлым Байтөре III орынды жеңіп алып, барлығы Қарғалы аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының дипломдарымен, бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Осындай байқаулар жас мамандарға шабыт беріп қана қоймай, олардың кәсіби дамуына зор ықпал ететіні сөзсіз…