
МЕРГЕНДІК ПЕН ШЕБЕРЛІК ДОДАСЫ
Отан қорғаушылар күніне орай Ақтөбе облысының Шалқар аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының қолдауымен білім бөлімі қызметкерлері мен білім беру ұйымдарының басшылары арасында спорттық сайыс ұйымдастырылды. Бұл шараның басты мақсаты – Отан қорғаушылар күнінің маңызын айшықтай отырып, ұжым мүшелері арасында салауатты өмір салтын насихаттау және өзара бірлікті, достық қарым-қатынасты нығайту.
Спорттық жарыс бес түрлі бағыт бойынша өткізілді: ләңгі тебу, мылтық ату, садақ ату, футбол және волейбол. Әр спорт түрінде қатысушылар өздерінің ептілігі мен шапшаңдығын, мергендігі мен топпен жұмыс істеу қабілетін көрсетіп, барынша жоғары нәтижеге қол жеткізуге тырысты. Жарыс барысында белсенділік пен тартыс жоғары деңгейде болды. Қатысушылардың қайрат-жігері мен ұйымшылдығы көрермендердің де зор қошеметіне ие болды.
Жарыс қорытындысы бойынша «Білім тарландары» командасы ерекше дайындық пен ұйымшылдық көрсетіп, I орынды, «Намыс» командасы табандылықпен II орынды, ал «Серпін» командасы шебер ойын арқылы III орынды иеленіп, үздіктер қатарынан көрінді.
Жеңімпаз және жүлдегер командалар аудандық кәсіподақ ұйымы тарапынан қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Бұл марапаттар – тек жүлде ғана емес, ұстаздар қауымының еңбегіне көрсетілген құрметтің де айғағы болды.
Ұйымдастырушылар мұндай мазмұнды шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.