
ЖАС КЕЛСЕ - ІСКЕ
Ұстаз – ұлттың ұстыны, келешектің кемел кепілі. Осы ұлы міндетті адал атқарып жүрген жанның бірі – Ақтөбе облысының Хромтау қаласындағы №7 Хромтау мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қалмұратов Жомарт Саматұлы.
Өзінің еңбек жолын 2014 жылы бастаған Жомарт Саматұлы 2019 жылдан бері осы мектепте табанды еңбек етіп келеді. Сол уақыттан бері білім беру қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының белсенді мүшесі ретінде де танылып үлгерген.
Жомарт Саматұлы – тіл маманы ғана емес, руханияттың жаршысы. Ол оқушыларға мемлекеттік тілді меңгертумен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, көркем әдебиетке деген сүйіспеншілікті бойларына сіңіруде. Әр сабағы – тәрбие мен білімнің үйлесімінен құралған, терең мазмұнды, ойлы да өнегелі дүние. Ұстаздың шәкіртпен орнатқан жылы қарым-қатынасы мен әр баланың тіл байлығын, шығармашылық қабілетін дамытуға деген ықыласы — оның кәсіби шеберлігін айғақтайды.
Сабырлы мінезі, байсалды болмысы мен терең білімі, әдістемелік жаңашылдығы – әріптестері мен ата-аналар тарапынан зор құрметке ие. Оның кәсібіне деген адалдығы 2021 жылы облыстық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасымен марапатталуымен де дәлелденген.
Білім саласындағы жетістіктері мен ізденімпаз еңбегі кәсіби байқауларда да ескерусіз қалмады. “Тілдік пәндерді интеграциялап оқыту тәсілдері” тақырыбындағы облыстық вебинарда тәжірибесімен бөлісіп, Алғыс хатқа ие болды. Сондай-ақ, “Педагогикалық конкурс” облыстық байқауында ІІІ орынды, “Оқу және математикалық сауаттылық: табысты синергия” атты байқауда І орынды иеленіп, білімі мен біліктілігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қазақтың көркем сөз өнерін шәкірт жүрегіне жеткізе білген ұстаз – ел болашағына жол ашар алтын көпір. Мұндай ұстаздар — өскелең ұрпақтың рухани шамшырағы, ел ертеңінің сенімді тірегі. Жомарт Саматұлының еңбегі — білім саласына қосылған баға жетпес үлес.