
КӘСІПОДАҚ ҚОЛДАУЫ - ҰСТАЗ БЕДЕЛІН АРТТЫРУДЫҢ КЕПІЛІ
Былтырдан бері 5 мамыр – еліміз бойынша Асық күні ретінде аталып өтуде. Биыл бұл ұлттық мереке Ақтөбе қаласында ерекше мәнге ие болып, тұңғыш рет ұстаздар арасында ұйымдастырылған «Ұстаз сақасы» атты республикалық турнирмен ерекшеленді. Ұлттық ойынның қадір-қасиетін арттырып, оның жастар тәрбиесіндегі рөлін насихаттауды мақсат еткен бұл жарыс мұғалімдер арасында алғаш рет өткізіліп отыр.
Турнирді Ақтөбе облыстық білім басқармасы қосымша білім беру және тәрбие жұмыстары бөлімінің басшысы Асхат Ізбасар салтанатты түрде ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Өз кезегінде Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының өкілдері Айжарық Серімбетов пен Нұрлан Жетпісбай «Ұстаз сақасы» турнирінің маңызын атап өтіп, бұл бастама ұстаздардың рухани дамуына, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге сеп болатынын жеткізді. Сондай-ақ, олар мұғалімдерді қолдау мен ынталандыру бағытындағы кәсіподақтың рөлі алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты.
Асық күнінде алғаш рет өткен бұл турнирге 22 мұғалім-асықшы қатысты. Жарыс жеребе тарту рәсімінен басталып, тартысты әрі қызықты ойындарға ұласты. Нәтижесінде Ырғыз ауданынан келген Жандос Мейрамбай жеңіске жетіп, бас жүлдені иеленді. Екінші орын Ойыл ауданының ұстазы Нұрлыжан Мұқашевқа бұйырса, үшінші орынды ырғыздық ұстаз Еркін Омарғалиев еншіледі.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Ақтөбе облыстық асық ату федерациясының президенті Елтай Өтеғұлов арнайы дипломдар мен медальдар табыстады. Ал турнирдің бас демеушісі – Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымы бірінші орын иегеріне Ташкент пен Самарқанд қалаларына тарихи-танымдық саяхатқа жолдама ұсынды. Екінші және үшінші орын алған қатысушылар Бурабайға саяхаттайтын болады.
Асық күніне орай ұйымдастырылған бұл шара Ақтөбеде ұлттық мерекеге айналып, асық спортын дамытуға үлес қосқан ұстаздардың еңбегі елеусіз қалмады. Бұл бастама алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасын тауып, «Ұстаз сақасы» турнирі дәстүрлі, кең ауқымды жарысқа айналады деген сенім мол.
-
Фото
-