
ЕҢБЕК АДАМЫ
Тарих пәні – оқушылардың адамзат қоғамының ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі даму жолын танып-білуіне, ұлттық сана мен патриоттық рухты бойына сіңіруіне негіз болатын маңызды ғылым саласы. Осы күрделі де жауапты пәнді шәкірт жүрегіне сіңіріп жүрген ұлағатты ұстаздардың бірі – Мұғалжар ауданы, Талдысай жалпы білім беретін орта мектебінің тарих және құқық пәндерінің мұғалімі Сақауова Света Күмісқалиқызы.
Света Күмісқалиқызы – 30 жылдан астам уақытын шәкірт тәрбиелеуге арнаған, тәжірибесі мол, білімді де білікті педагог. Ол 1987 жылы Гурьев педагогикалық институтын тарих және құқық пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын Талдысай мектебінде бастап, күні бүгінге дейін осы білім ордасында табандылықпен еңбек етіп келеді.
Белгілі қаламгер Жүсіпбек Аймауытов: «Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанмен – тарихтағы ең ұлы істің бірі» – деп баға бергендей, Света Күмісқалиқызы да бұл ұлы істің жүгін абыроймен арқалап келеді. Ол – өмірден өз орнын таба білген, кез келген ортада өзін еркін ұстап, білімділігімен ерекшеленетін, оқушылар мен ата-аналардың, әріптестерінің зор сеніміне ие болған ұлағатты ұстаз.
Света Күмісқалиқызының шәкірттері – аудандық, облыстық пәндік олимпиадалардың жүлдегерлері. Оның шәкірттерінің арасында қазіргі таңда ұстаз жолын жалғап, тарих пәнінің мұғалімі атанғандары да бар. Бұл – ұстаздың өз пәніне деген сүйіспеншілігі мен оқушы жүрегіне жол таба білгендігінің жарқын дәлелі. Сонымен қатар, ол өзінің кәсіби тәжірибесін әріптестерімен бөлісіп, түрлі деңгейдегі семинарлар мен әдістемелік шараларға белсенді қатысып келеді.
Бүгінде Света Күмісқалиқызы – тынымсыз еңбегімен шәкірт жүрегінен орын алған, білім саласының дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген, нағыз өз ісінің шебері. Ұстаз еңбегінің биік бағасы – оның шәкірттерінің жетістіктері мен құрметі екені сөзсіз…
-
Фото
-