
КАДРЛЫҚ ҚҰЖАТТАРДЫ ЖҮРГІЗУ ТӘЖІРИБЕСІНЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Оқу-әдістемелік орталығының жұмыс жоспарына сәйкес «Білім мекемелеріндегі кадрлық іс құжаттарды жүргізу тәжірибесі» тақырыбында облыстық семинар өтті. «Tourist» қонақ үй кешенінің мәжіліс залында өткен кәсіподақтық оқуға Талас, Сарысу, Жамбыл, Жуалы аудандары мен Тараз қаласы және облыстық білім басқармасына қарасты мекемелер мен ұйымдар мүше болып табылатын Біріккен комитеттің өкілдері қатысты.
Семинардың мақсаты – білім беру ұйымдарындағы кадрлық құжаттарды жүргізудің озық тәжірибесін тарату, іс жүргізушілер мен кадр мамандарының біліктілігін арттыру болды.
Салалық кәсіподақ ұйымының көпбағытты қызметінен хабар беретін «Ғасыр жасаған ұйым: бір мақсат, бір мүдде» деректі фильмнің көрсетілімінен кейін Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков «Кәсіподақ мүшелігінің тиімділігі неде?», Біріккен комитеті филиалының төрағасы Жанболат Орынбеков «Педагог қызметкерлердің жұмыс және демалыс уақытының режимі», ал құқықтық қызмет басшысы Әлия Джолшибекова «Әлеуметтік әріптестік актілері негізінде кадрлық іс-жүргізу тәртібі» тақырыбында дәріс өтті.
Модераторлар кадрлық құжаттарды рәсімдеуге қойылатын талаптарды, жұмыс уақыты мен демалыс уақытын есепке алудың ерекшеліктерін, сондай-ақ әлеуметтік әріптестік аясындағы құқықтық мәселелерге тоқталып, жұмысқа қабылдау, ауыстыру және жұмыстан шығару бұйрықтарын дұрыс рәсімдеу, еңбек демалыстарын беру тәртібі, сондай-ақ тәртіптік жаза қолдану мәселелерін жан-жақты талқыланды.
Еңбек және салалық заңнаманы қолданудың бірқатар сұрақтарына арналған сұрақ-жауап сағатында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, тәжірибе алмасты. Семинар соңында қатысушыларға үлестірмелі материалдар мен арнайы сертификат тапсырылды.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фото
-