
БІЛІМ БЕРУ МЕКЕМЕЛЕРІНДЕГІ ЕҢБЕК АХУАЛЫ - КӘСІПОДАҚ НАЗАРЫНДА
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының өкілдері Ырғыз ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар білім беру мекемелерінің бастауыш кәсіподақ ұйымдарына әдістемелік көмек көрсетті. Сапар аясында Ырғыз ауданындағы психологиялық-педагогикалық түзеу кабиретінде, Ы.Алтынсарин және №1 қазақ жалпы білім беретін орта мектептерінде, Ырғыз балалар өнер мектебінде, сондай-ақ “Аққайың” және “Балдырған” балабақшаларында кездесулер ұйымдастырылды.
Іссапардың басты мақсаты – білім беру мекемелеріндегі еңбек жағдайларын жақсарту, кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау, кәсіподақ қызметінің маңызын түсіндіру болды. Кәсіподақ өкілдері мекеме қызметкерлерімен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап беріп, еңбек қатынастарына байланысты туындаған мәселелерді ашық талқылады. Сондай-ақ кәсіподақ мүшелері облыстық ұйым заңгерлерімен онлайн байланысқа шығып, сұрақтарын жолдады.
Кездесулер барысында олар кәсіподақтың жасап жатқан жұмысына оң бағасын беріп, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Кәсіподақ мүшелері ұйымның қамқорлығын сезініп, кәсіби қызметтерінде қолдау бар екенін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, кәсіподақ мамандары бастауыш ұйым төрағаларына әдістемелік көмек көрсетіп, ұйым жұмысын тиімді ұйымдастырудың жолдарына тоқталды.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша кәсіподақ өкілдері ұстаздармен байланыс орнатудың маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді. Алдағы уақытта да осындай кездесулер жалғасып, білім беру саласындағы өзекті мәселелерді бірлесе шешуге бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасын табатын болады.
-
Фото
-