
ТЫЛДА ЕҢБЕК ЕТКЕН АНАНЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ
Биыл Жеңіске 80 жыл толды. Осыған орай, Жетісу облысында ауқымды шаралар ұйымдастырды. Аталған шара барысында Талдықорған қаласының ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Рахым Тұрланов пен «Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төраға орынбасары Болат Тұрысбеков тыл ардагерін құттықтады.
Талдықорған қаласының тұрғыны, 105 жасқа келген кейуана Анна Тимофеевна еңбек жолын 1940 жылы Андреев ауданының Николаев мектебінде бастауыш сынып мұғалімі ретінде бастаған. Балаларға оқу мен жазуды үйретіп қана қоймай, соғыстың басталған күнінен-ақ майдан үшін еңбек етіп, госпитальдерге көмек жіберіп, егін жинады.
Оның Отан үшін адал қызметі мен еңбегі лайықты бағаланды - РК ЛКСМ аудандық комитетінің хатшысы ретінде, кейінірек партиялық үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Сталиннің «Біздің іс - әділ. Біз жеңеміз!» деген ұранымен бейнеленген портретін мақтанышпен алып жүрді.
Республикалық партия мектебін аяқтап, Орталық Комитеті арқылы білім алып, халқымен тығыз байланыс орнатты.
Қазақ КСР Компартиясының үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, кейін 22-съездің тігін фабрикасының партия ұйымының хатшысы болып, Анна Тимофеевна сөздің және істің күшіне сенді. Өзі үлгі болып, барлық қызметінде халыққа қызмет етуді басты ұстаным етті. Еңбегі бағаланып, «Құрмет белгісі» орденімен (1971 ж.) және «Еңбек ардагері» медалімен (1976 ж.) марапатталды.
Анна Тимофеевнаның өмірінде қаншама жарқын да ауыр оқиғалар болды! Оның үлкен бақыты - Галина және Людмила есімді қыздары. Бұл қыздары да ата-анасының сенімін ақтап, жоғары білім алып, біреуі - медицина, екіншісі - педагогика саласында қызмет етті. Екеуі де табысты жұмыс істеп, осы қалада зейнетке шықты.
1994 жылы күйеуі, соғыс ардагері және жеңімпазы С.Г. Шевелев өмірден өтті. Сол кезден бастап Анна Тимофеевна немерелеріне қамқор апа, шөберелерінің сүйікті әже болды. Бүгінде ол бес шөбересін тәрбиелеп отыр.
Осындай беделі биік, абыройы артқан Анна Шевелёваға «Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалі мен гүл шоғы табысталды.
«Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» ҚБ баспасөз қызметі