
АРДАГЕР ҰСТАЗДАРҒА АРНАЛҒАН РУХАНИ СЕРПІЛІС СЕМИНАРЫ
Батыс Қазақстан облысы, Хан ордасы ауылында «Ұстаздық – ұлылық емес, ұлы қызмет» атты облыстық семинар өтті. Шараны «Бөкей ордасы ауданының білім саласы ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Найля Нарбулова мен аудандық білім бөлімі ұйымдастырды.
Семинардың мақсаты – ардагер ұстаздардың тәжірибесін насихаттау, жас мамандармен сабақтастықты нығайту және ардагер педагогтардың өмірлік тәжірибесін білім саласына тиімді қолдану.
Іс-шараға аудан әкімі Нұрлыбек Даумов, аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева, Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин, Батыс Қазақстан облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Даупаев, облыстық және аудандық ардагерлер ұйымдары, білім саласы қызметкерлері, жас ұстаздар мен оқушылар қатысты.
Қонақтар Жәңгір хан мектебінің мұражайымен, жылыжайымен, "Жас орманшылар" жобасымен танысты. «Roboland 2025» байқауының жеңімпазы Исаев Медхат өз жобасын көрсетті. Сонымен қатар, «ZhangirNews» жетекшісі Есмұхан Әлем Өмірзақұлы ақпараттық жобамен таныстырды.
Семинар Ұлы Отан соғысына арналған «Боздақтар» ескерткішіне гүл қою рәсімімен жалғасты. Рәсімге аудан әкімі Нұрлыбек Даумов, облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин, мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева, кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Даупаев және ардагерлер ұйымының мүшелері Абай Мұхитов пен Алтын Қадырғалиева қатысты.
Пленарлық бөлімде модерация жасанды интеллект көмегімен жүргізілді. Аудан әкімі Нұрлыбек Даумов пен модератор Найля Нарбулова құттықтау сөз сөйлеп, атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады. Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарынан келген ардагер ұстаздар мазмұнды баяндамаларымен бөлісті.
Семинар қорытындысында Марат Даупаев ардагер педагогтар мен сала мамандарын Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағының төс белгілерімен және облыстық кәсіподақ ұйымының құрмет грамоталарымен марапаттады.
Шара соңында қонақтар мектеп оқушылары мен аудандық мәдениет бөлімінің концерттік бағдарламасын және «Нарын» театрының «Мәңгілік бала бейнесі» қойылымын тамашалады. Семинар ардагер ұстаздар үшін кәсіби әрі рухани маңызы зор тағылымды кездесу болды.
-
Фото
-