
ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Ұстаздық – жай ғана мамандық емес, ол – жүректен жүрекке жол табатын, ұрпақ санасына білім мен тәрбие дәнін себетін рухани миссия. Осы жолда табанды еңбек етіп келе жатқан ардақты мамандардың бірі – Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы Т.Жүргенов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің музыка пәні мұғалімі Такеева Гүлжазира Тұрғанбайқызы.
Гүлжазира Тұрғанбайқызы 1977 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген. Ақтөбе гуманитарлық колледжін тәмамдап, кейін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде жоғары білім алған. 2000 жылдан бастап білім беру саласында еңбек етіп келе жатқан ұстаздың бүгінде 25 жылдық тәжірибесі бар. Қазіргі таңда педагог-зерттеуші санатындағы білікті маман.
Ұзақ жылғы ізденіс пен табандылықтың нәтижесінде Такеева Гүлжазира Тұрғанбайқызы бірқатар марапаттарға ие болған. Ол “Үздік сынып жетекші – 2021”, “Үздік музыка пәні мұғалімі – 2022” байқауларының жеңімпазы. Сондай-ақ аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ ұйымының дипломдарымен, алғыс хаттарымен марапатталған.
Оның жетекшілігімен оқушылар жыл сайын облыстық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып келеді. 2023 жылы білім саласындағы еңбегі үшін Ақтөбе облысының білім басқармасы мен кәсіподақ ұйымының алғыс хаттарын және “Мерке” шипажайына жолдаманы иеленді. Сонымен қатар аудан және облыс әкімдерінің алғыс хаттарына ие болды.
Гүлжазира Тұрғанбайқызы – аудан, облыс көлемінде танылған ұстаз ғана емес, өзінің шәкірттері арқылы да биік бағаланып жүрген маман. Оның оқушылары түрлі деңгейдегі білім, өнер және шығармашылық сайыстарда үздік нәтиже көрсетіп жүр. Бұл – ұстаздың жаңашылдығы мен тиянақты еңбегінің айқын дәлелі.
Такеева Гүлжазира Тұрғанбайқызы – өз ісіне адал, жаңашылдықты жаны сүйетін, әр шәкіртінің жүрегіне жол таба білген шынайы ұстаз. Оның кәсіби шеберлігі мен адамгершілік ұстанымы – әріптестеріне үлгі, жас мамандарға бағыт, ұрпаққа – өнеге. Алдағы уақытта да ол талай биіктерді бағындырып, шәкірттерімен бірге білім көкжиегін кеңейте берері анық.
-
Фото
-