
ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Ұстаз – ел ертеңін қалыптастырушы ұлы тұлға. Осындай қасиетті мамандықты жүрек қалауымен таңдап, білім беру ісіне ерекше ықыласпен қызмет етіп жүрген жан Қызылорда қаласындағы №278 IT мектеп-лицейінің музыка пәнінің мұғалімі, домбыра үйірмесінің жетекшісі Серікбай Дәулет Дәуренбекұлы.
Дәулет Дәуренбекұлы ұстаздық жолын 2021 жылы бастады. Жас маман бола тұра, аз уақыттың ішінде өз ісіне адалдығымен, шығармашылдығымен, жаңашылдығымен көзге түсе білді. Ол – шәкірт жүрегіне өнер дәнін сеуіп жүрген білікті де талапшыл педагог.
Ұлттық аспап – домбыраны насихаттауда Дәулет Дәуренбекұлының орны ерекше. Ол сабақ барысында оқушылардың қызығушылығын арттыратын заманауи әдістер мен цифрлық құралдарды тиімді қолдана отырып, олардың музыкалық қабілетін дамытып келеді. Домбыра үйірмесінде тәрбиеленіп жатқан шәкірттері қалалық, облыстық, республикалық байқаулардың лауреаттары атанып, мектеп абыройын асқақтатуда.
Ұстаздың өзі де облыстық және қалалық білім бөлімдерінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына жыл сайын ие болып келеді. Бұл – оның еңбегінің жоғары бағалануының көрінісі. Сонымен қатар, жас та болса бас болып, ұжымда белсенділігімен ерекшеленіп жүрген ұстаз – әріптестері мен ата-аналар тарапынан үлкен құрметке ие.
Дәулет Дәуренбекұлының арманы – ел игілігіне қызмет ететін, шәкірттеріне жол көрсетіп, артынан үлгілі ұрпақ қалдыратын мықты тұлға болу. Ол болашақта тек ұстаз ғана емес, елге пайдасы тиетін меценат болуды мақсат еткен.
«Шәкірт – ұстаздан озса, қуаныш» дейді дана халқымыз. Осы орайда, шәкірттерінің әр жетістігіне қуанып, олардың биіктерден көрінуі үшін бар күш-жігерін арнап жүрген Серікбай Дәулет Дәуренбекұлы – жас буынға үлгі боларлық нағыз өз ісінің шебері.