
ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ҚҰҚЫҒЫ – КӘСІПОДАҚ НАЗАРЫНДА
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы еңбек заңдылықтарын сақтау мен қызметкерлердің құқықтарын қорғау бағытында тұрақты түрде қоғамдық бақылау жұмыстарын жүргізіп келеді. Осы ретте кәсіподақтың заңгерлері Александр Алимпиев пен Нұрлан Жетпісбай №3 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті мен Қалалық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация мекемесінде қоғамдық бақылау шарасын өткізді.
Қоғамдық бақылаудың негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарында еңбек қатынастарының заңға сай реттелуін бақылау, кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмек көрсету және олардың мүдделерін қорғау.
Кәсіподақ тарапынан көрсетілетін мұндай құқықтық қолдау – қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейтіп, олардың кәсіби және адами құндылықтарын қадірлеудің маңызды тетігіне айналуда.
Кездесу барысында заңгерлер аталған мекемелердегі еңбек қатынастарына байланысты ішкі құжаттарды мұқият саралап, еңбек және ұжымдық шарттардың қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестігін тексерді. Бұл жұмыс – қызметкерлердің еңбек құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету мен заңбұзушылықтың алдын алуға бағытталған маңызды қадам.
Аталған мекемелердің қызметкерлерімен кездесу барысында еңбек ұжымында өзара құрмет пен тиімді қарым-қатынас орнату мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Сондай-ақ, ұжым мүшелері еңбек қатынастарындағы ашықтық, әділеттілік және әлеуметтік әріптестікті дамытуға қатысты өз ойларын ортаға салды.
Облыстық ұйымның заңгерлері Александр Алимпиев пен Нұрлан Жетпісбай келісу комиссиясының мүшелеріне семинар өткізіп, туындайтын жеке еңбек дауларының алдын алу және оларды шешу үшін қаралатын мәселелердің қаншалықты маңызды және өзекті екенін түсіндірді. Еңбек қақтығыстарын шешуде келеңсіздіктерге жол бермеуге болатынын айтып, орын алған жағдайдағы кәсіподақ ұйымдарының қызметі туралы баяндады.
-
Фото
-