
ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Ұстаз болу – жүрек таңдауы. Ал көшбасшы ұстаз болу – үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап ететін мәртебелі міндет. Осындай қасиеттерді бойына сіңіріп, білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етіп жүрген білікті маман – Сапахова Назгүл Таурханқызы.
Назгүл Таурханқызы – Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, №46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейінің биология пәнінің мұғалімі. Еңбек өтілі – 9 жыл. Ол педагогикалық білімін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті мен «Болашақ» университетінде шыңдаған. Қазіргі таңда педагог-зерттеуші санатындағы ұстаз.
Әр оқушының жеке қабілетін танып, жан-жақты дамыған тұлға қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. Республикалық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында топ жарған шәкірттері – осы еңбектің айқын дәлелі.
Шиелі аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитеті жанынан құрылған «Самғау» жастар кеңесінің төрағасы. Кеңес жұмысы арқылы жастардың ұйымшылдығын арттырып, олардың бастамаларына қолдау көрсетіп келеді.
ҚР Кәсіподақтар федерациясы ұйымдастырған «30 Еңбек елшісі» жобасының жеңімпазы және «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» Республикалық кадрлық резервке енген.