
ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Білім саласының жарқын тұлғасы, ұрпақ тәрбиесінде ұлағатты жол салып келе жатқан шығармашыл ұстаз - Садықов Қараман Серікбайұлы. Жаңашыл идеяларымен, тың бастамаларымен дараланған, шәкірт жүрегіне жол таба білген, өз ісінің кәсіби маманы.
Ол Қызылорда облысы, Арал қаласындағы №2 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының менеджері, информатика пәнінің мұғалімі.
Білім және ғылым саласы бойынша Республикалық Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығының иегері атанған ұстаз — халықаралық деңгейдегі информатика пәні мұғалімдеріне арналған «Битрейд» олимпиадасы және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті ұйымдастырған «Үздік педагог-маман мақтанышы» атты ІІ Халықаралық пәндік педагогикалық олимпиадасы мен басқа да байқаулардың жеңімпазы. Бұл марапаттар — оның ғылым мен білімге адалдығының, үздіксіз ізденісінің жарқын көрінісі.
Қараман Серікбайұлы тек білікті ұстаз ғана емес, оқушыларына бағыт-бағдар беретін көшбасшы. Оның шәкірттері республикалық, облыстық, халықаралық деңгейдегі пәндік олимпиадалар, ғылыми жобалар, сайыс, түрлі байқаулар мен пікірсайыс турнирлерінің жеңімпаздары. Әрбір жетістік ұстаздың маңдай тері мен адал еңбегінің жемісі.
Сонымен қатар, ол өз тәжірибесін әріптестерімен белсенді бөлісіп жүрген шығармашыл маман. Халықаралық, республикалық, облыстық конференциялар мен семинарларда баяндамалар жасап, тәжірибесін үздіксіз таратумен айналысады.
Жаһандық жобаларда да өзіндік қолтаңбасын қалдырып келеді. Атап айтсақ, «BeSafe Kazakhstan» - Ұлттық волонтерлер желісі мен БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) Қазақстанның және USAID гуманитарлық көмек Бюросының қолдауымен іске асырылатын оқушыларға арналған ТЖ-ға әзірлігі бойынша білім беру бағдарламасын мектеп-лицей-интернатында жүзеге асырғаны үшін Төтенше жағдайлар министрінің Алғыс хатымен, «BeSafe Kazakhstan» жобасын іске асыруда көрсеткен қолдауы үшін ЮНИСЕФ Қазақстан және Ұлттық волонтерлік желі атынан ерекше Алғыс сертификатына ие болды.
Жас ұстаз болса да, үлкен жетістіктерге жетіп үлгерген Қараман Серікбайұлы нағыз жаңашыл, ізденімпаз, өз ісіне шын берілген маман. Ол заманауи білім берудің талаптарына сай кәсіби дамып келе жатқан, шәкірт жүрегіне жол таба білген, білімімен де, болмысымен де көпке үлгі болатын ұстаз!