
АҚТӨБЕДЕ ҮЗДІК ҰСТАЗДАР МАРАПАТТАЛДЫ: ҰСТАЗ ЕҢБЕГІНЕ – ЛАЙЫҚТЫ ҚҰРМЕТ
Ақтөбе облысында білім беру саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген ұстаздар мен кәсіподақ белсенділері дәстүрлі марапатқа ие болды. Ұстаз атаулының мерейін асырып, қажырлы еңбегіне алғыс білдіру – Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының игі дәстүріне айналған.
Оқу жылының қорытындысы бойынша ұйымдастырылған салтанатты жиында 200-ге жуық ұстаз алғыс хаттармен марапатталып, түрлі демалыс орындарына жолдама алды. «Кәсіподақ: тұрақты қолдау, тұрақты құрмет» тақырыбымен өткен жиын – педагогтар үшін шынайы құрмет пен ынталандыру алаңына айналды.
Марапатталғандардың қатарында пән мұғалімдері, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен жас мамандар бар. Олар білім беру саласындағы шығармашылық ізденістері мен жаңартылған білім мазмұнын енгізудегі еңбектері үшін марапатталды. Жаз мезгілінде кәсіподақ мүшелері Тараз бен Сарыағаш өңіріндегі шипажайларда денсаулықтарын нығайтып, бірқатары Бурабайға тарихи-танымдық саяхатқа аттанады. Сонымен қатар, жас педагогтарға Шығыс Қазақстандағы Алакөл жағалауында өтетін республикалық жазғы лагерьге жолдама берілді.
Бұл игі шара биыл Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының 100 жылдығы мен Кәсіподақтар қозғалысының 120 жылдығына орай ұйымдастырылды. Шара салалық кәсіподақтың 100 жылдық тарихына арналған деректі фильммен ашылды.
Салтанатты басқосуда облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова сөз сөйлеп, ұйымның жыл бойғы атқарған жұмыстарына тоқталып, кәсіподақ мүшелеріне тілегін жеткізді.
— Бүгінгі таңда Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының мүшелер саны 34 мыңға жуықтады. Бұл – ұйымның кең ауқымды және белсенді қызметін көрсететін маңызды көрсеткіш. Біздің басты мақсатымыз – білім саласында еңбек етіп жүрген әр ұстаздың құқықтарын қорғау, әлеуметтік және экономикалық мүдделерін қамтамасыз ету, еңбек жағдайларын жақсартуға ықпал ету. Сонымен қатар, ұжымдардағы еңбек дауларын оңтайлы шешу, мұғалімдердің қоғамдағы мәртебесін арттыру – басты міндеттеріміздің бірі, – деді кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова.
Раушан Серікованың айтуынша, соңғы жылдары кәсіподақ ұйымының құқықтық және әлеуметтік қолдауы нақты нәтижелер беруде. Мәселен, 2024 жылы 3418 педагог құқықтық кеңес алса, 2025 жылдың алғашқы бес айында 1698 кәсіподақ мүшесіне заңдық көмек көрсетілген. Бұл – кәсіподақтың еңбек құқығын қорғаудағы белсенді жұмысының айғағы. Бұл – мұғалімдердің экономикалық жағдайын жақсартуға қосылған нақты үлес.
Мұнымен қатар, кәсіподақ мүшелерінің денсаулығын нығайту да басты назарда. Жалпы облыс бойынша жазғы демалыс кезінде облыстағы мыңнан аса кәсіподақ мүшесі шипажайларда демалуға, ал 800-ден астамы тарихи-танымдық саяхатқа баруға мүмкіндік алады. Алдағы уақытта бұл жұмыстар одан әрі жүйелі жалғасын табатын болады, – деп атап өтті Раушан Серікқызы.
Шарада облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова ұстаздарды оқу жылының аяқталуымен құттықтады. Ол білім саласында кәсіподақ ұйымымен бірлесе атқарылған жұмыстарға жоғары баға беріп, алғысын білдірді.
Марапаттау рәсімі А.Жұбанов атындағы музыкалық колледж студенттерінің мерекелік концертімен жалғасты. Өнерлі жастар ұстаздарға арнап ән мен күйден шашу шашып, жиынға ерекше көңіл-күй сыйлады.
Ұстаз еңбегін ұлықтау – ұлттың болашағына салынған инвестиция. Ақтөбе облысында білім беру қызметкерлерінің кәсіби дамуына, әлеуметтік қолдауға және мәдени демалысына ерекше мән беріліп келеді. Бұл жолғы марапат – сол қолдаудың айқын көрінісі.
-
Фото
-