
БІРЛІК ПЕН БЕЛСЕНДІЛІККЕ ТОЛЫ СПОРТТЫҚ САЙЫС
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі қарсаңында Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданының білім беру ұйымдарының жас кәсіподақ мүшелері арасында қызықты да тартысты командалық спорттық сайыс өтті. Мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, ұжымда бірлік пен ынтымақтастықты арттыру, жас мамандардың белсенділігін қолдау.
Сайысқа барлығы 6 команда қатысып, өзара шеберлік пен ұйымшылдықтарын көрсетіп, түрлі спорттық кезеңдер бойынша бақ сынасты.
Жарыс нәтижесінде М.Жұмабаев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің «Тұлпар» командасы І орынды, Темірбек Жүргенов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің «Жігер» командасы ІІ орынды, ал сол мектептің «Намыс» командасы ІІІ орынды иеленді.
Жеңімпаз командалар Әйтеке би аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымы мен аудандық білім бөлімінің алғыс хаттарымен, медальдарымен, кубоктарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Сонымен қатар, мереке қарсаңында мектепке дейінгі ұйымдарда белсенді еңбек етіп жүрген кәсіподақ мүшелерінің еңбегі де назардан тыс қалмады. Оларға облыстық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамоталары табысталып, көп жылдық адал еңбектеріне лайықты құрмет көрсетілді.
Бұл шара жас мамандардың кәсіби бірлігін арттыруға, олардың қоғамдық өмірге белсене араласуына үлкен серпін берді.