
КЕЛІСУ КОМИССИЯСЫ МҮШЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының ұйымдастыруымен «Еңбек даулары және оларды шешудегі Келісу комиссияларының рөлі» тақырыбында семинар өтті.
Кәсіподақтық оқыту семинарына М.Х.Дулати атындағы Тараз Университеті мен Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз Университетінің, сонымен бірге облыстық кәсіподақ ұйымының мүшелігін толықтырған Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің бастауыш кәсіподақ ұйымының комитет мүшелері, сондай-ақ Салалық кәсіподақтың бас мамандары Айдарбек Бектабанов пен Есбол Мұханбетқалиев қатысты.
Семинарды ашқан Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков Еңбек кодексінде жеке еңбек дауын шешу үшін алдымен Келісу комиссиясына барып, одан кейін ғана сотқа жүгіну тәртібі көзделгенін, сонымен бірге, кодекстің 159-бабының 8-тармағына сәйкес Келісу комиссиясының мүшелері еңбек заңнамасын қолдану, еңбек дауларында келіссөздер жүргізу және консенсусқа қол жеткізу дағдыларын дамыту бойынша жыл сайын оқытудан өтуге міндетті екенін айтып өтті.
Бұдан соң Жергілікті кәсіподақтың құқықтық қызметтің басшысы Әлия Джолшибекова Келісу комиссиясы қызметінің құқықтық негіздері туралы ақпаратпен бөлісті.
- Жеке еңбек даулары ҚР ЕК 159-бабына сәйкес Келісу комиссиясымен қаралуы тиіс. Жеке еңбек дауын шешу жөніндегі келісу комиссиясы тұрақты қызмет атқаратын орган болып табылады және заңды тұлға мәртебесіндегі әрбір білім және ғылым ұйымдарында құрылып, кәсіподақ комитеті мен ұйым әкімшілігі өкілдерінің бірдей санынан жасақталады. Әрбір тараптан өкілдер саны еңбек ұжымының санына байланысты белгіленеді. Комиссия мүшелерінің нақты саны, оның жұмыс тәртібі, мазмұны мен шешімдер қабылдау тәртібі ұйым басшысы мен кәсіподақ комитетінің арасында жазбаша келісім бойынша белгіленеді, болмаса ұжымдық шартпен анықталады, - деді Әлия Джолшибекова.
Ал Кәсіподақ төрағасының орынбасары Жанболат Орынбеков «Тәртіптік жазалардың түрлері мен мерзімін қолдану барысында кездесетін түйткілді мәселелерді шешу жолдары» тақырыбына тоқталды. Бұдан бөлек семинар барысында Келісу комиссиясының тұрақты қызмет атқаратын орган екені, яғни, ол жеке бір дауды шешу үшін емес, ұйым қызметінде туындауы мүмкін барлық жеке еңбек дауларын шешу үшін құрылатыны және бір дауды шешумен оның қызметі тоқтап қалмайтыны да айтылды.
Семинардың барлық қатысушыларына игерілген тақырып бойынша әдістемелік құралдар және Келісу комиссиясының мүшелеріне оқудан өткендігін растайтын сертификат берілді.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фото
-