
ӘЛИЯ МОЛДАҒҰЛОВА АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕПКЕ 50 ЖЫЛ
🧩Қобда ауданындағы Әлия Молдағұлова атындағы орта мектепке 50 жыл толып отыр. Осы жарты ғасыр ішінде бұл білім ордасы мыңдаған шәкіртке тәлім-тәрбие беріп, олардың өмір жолына бағыт-бағдар көрсетті. Атап айтқанда, 1974–2024 жылдар аралығында мектепті 6000-ға жуық түлек бітіріп шықты. Бүгінде олар еліміздің барлық өңірінде түрлі салада қызмет етіп, ел дамуына өз үлестерін қосып келеді.
✨Биыл сондай-ақ Кеңес Одағының Батыры, мектептің атына лайық тұлға — Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойы да қатар келіп отыр. Бұл – мектеп үшін ғана емес, барша ұлт үшін үлкен тарихи оқиға.
📑Қазіргі таңда мектеп ұжымында 58 кәсіподақ мүшесі еңбек етуде. Бұл ұстаздар қауымы сапалы білім, саналы тәрбие беруде аянбай еңбек етіп келеді.
📝Жылдар өте келе мектептің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайды. Ғылыми негізде білім беру бағытында жаңадан жабдықталған пән кабинеттері — биология, физика, ғылым және цифрлық технологиялар кабинеттері оқушыларға сапалы білім беруге зор мүмкіндік туғызуда. Сонымен қатар, кәсіптік бағдар беру жұмыстары үшін оқу шеберханасы іске қосылып, оқушылардың болашақ мамандықты саналы таңдауы үшін жағдай жасалған.
🗞️Оқушылардың рухани дамуына ықпал етіп келе жатқан мектеп кітапханасының жұмысы да жоғары деңгейде. Қазіргі таңда кітапхана қорында 3205 дана оқулық пен 3705 көркем әдебиет бар.
📗Мектеп қабырғасында үш бағыт бойынша жұмыс жасайтын мұражай бар: мектеп тарихы, ауыл тарихы және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ерлік жолы. Бұл мұражай жас ұрпақты отансүйгіштікке, ел тарихын білуге тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.
🔆Білім беру саласына сіңірген еңбегі үшін түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болған педагогтар – мектеп мақтанышына айналған ұлағатты ұстаздар. Мектеп тарихында білім мен тәрбие ісіне өлшеусіз үлес қосқан, шәкірт жүрегіне жол тауып, шырақ жаққан ұстаздар көп. Мектеп мақтанышына айналған ұстаздардың қатарында «Қазақстан Республикасының үздік мұғалімі» төсбелгісін иеленген және Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған педагогтар бар.
⚜️Аудандық және облыстық кәсіподақ ұйымының қолдауымен мектеп ұжымы әлеуметтік қолдаулар мен қамқорлықтан тыс қалмай келеді. Ұйым мүшелеріне қайырымдылық көмектер көрсетіліп, сауықтыру орталықтарына жолдамалар беріліп, еңбегімен ерекшеленген ұстаздар алғыс хаттармен марапатталып жүр.
✅Ұжымдағы әрбір ұстаз – өз ісінің шебері, болашаққа жол ашар шамшырақ. Білім мен тәрбиені қатар ұштастырып, шәкірт жүрегіне жол тапқан бұл ұстаздар мектептің дамуына, рухани өрлеуіне зор үлес қосып келе жатқан тұлғалар. Кәсіподақ ұйымы да осы ұжымның әлеуметтік жағдайын жақсартуда, бірлік пен ынтымақты нығайтуда маңызды рөл атқарып келеді. Ұстаздар қауымының бірлігі мен жанашыр еңбегі Әлия мектебінің жарқын болашағына берік негіз.
Ақтөбе облыстық кәсіподақ ұйымы
-
Фото
-