
АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫНЫҢ АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ
✅Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының Атқару комитетінің кезекті отырысы өтті. Кездесуге облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова, аппарат қызметкерлері, комитет мүшелері, Тексеру комиссиясының өкілдері қатысты.
🖇️Жиын барысында 2024 жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, ағымдағы жылдың басым бағыттары нақтыланды. Күн тәртібіне енгізілген бірқатар маңызды мәселелер талқыланып, шешімдер қабылданды.
🖇️Айта кетейік, кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттарының бірі – ұжымдық шарттар жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Бұл мәселеге байланысты облыстық кәсіподақ ұйымының бас маманы, құқықтық еңбек инспекторы Александр Алимпиев есеп берді. Ол өткен жылы жасалған ұжымдық шарттардың мазмұнына, әлеуметтік кепілдіктердің орындалуына және шарттардың заң талаптарына сәйкестігіне талдау жасап, бірқатар нақты көрсеткіштерді келтірді. Ұжымдық шарттар арқылы білім саласы қызметкерлерінің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау күшейгені айтылды.
🗞️Отырыста Алға және Мәртөк аудандық кәсіподақ ұйымдарының еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы жұмысы да сараланды. Аталған мәселеге байланысты баяндама жасаған Алға ауданы ұйымының төрағасы Рита Еркусимова мен Мәртөк ауданы ұйымының төрағасы Мұхамбетдин Ордабаев аудандардағы білім беру мекемелерінде жасалған нақты жұмыстарды атап өтті. Қоғамдық бақылаудың тиімділігін арттыру, мекемелерде қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бағытында қолға алынған шаралар мысал ретінде келтірілді. Қосымша баяндамамен сөз сөйлеген мамандар Александр Алимпиев пен Нұрлан Жетпісбай заңнама талаптары, тексеріс нәтижелері туралы ақпарат ұсынды.
📝Қобда аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Қуанышкерей Ибраев өз баяндамасында кәсіподақ жұмысының ақпараттық насихаты жөнінде баяндады. Қобда ауданында БАҚ-пен байланыс, әлеуметтік желілердегі белсенділік, кәсіподақ жаңалықтарын кеңінен тарату жөнінде сөз қозғалды. Сонымен қатар облыстық ұйымның бас маманы Сандуғаш Дүйсенбаева қосымша баяндама жасап, аталған аудан бойынша әлеуметтік желідегі кемшіліктерге тоқталып, бірқатар ескертпелер мен ұсыныстарын жеткізді.
📑Темір және Қарғалы аудандарында кәсіподақ жарналарын төлеу, бөлу және мақсатты пайдалану мәселесі де отырыстың күн тәртібінен тыс қалмады. Бұл тақырыпта облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Жұмагүл Обаева баяндама жасап, қаржы тәртібінің сақталу деңгейі, орын алған кемшіліктер мен оларды болдырмау жолдарына тоқталды. Қаржылық есептің ашықтығы мен нақты есеп беру — кәсіподақ жұмысының сенімділігі мен заңдылығының кепілі екені атап өтілді.
✅Отырыс соңында облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова жиын барысында көтерілген мәселелер бойынша қорытынды сөз сөйлеп, аудандық ұйым төрағаларына нақты тапсырмалар берді. Ол еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ұжымдық шарттарда көрсетілген әлеуметтік міндеттердің орындалуын бақылау, ақпараттық жұмыс пен қаржылық есептілікті күшейту мәселелеріне ерекше тоқталды. Сондай-ақ, жұмыс барысында анықталған кемшіліктерге байланысты кейбір кәсіподақ жетекшілеріне сын-ескертпелер жасалды.
🔸Күн тәртібіндегі барлық мәселелер мұқият талқыланып, тиісті Қаулылар қабылданды. Бұл құжаттар алдағы уақытта кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жүйелеуге және тиімділігін арттыруға бағытталған.
🔹Жалпы алғанда, өткен жылдың қорытындысы кәсіподақ ұйымының білім және ғылым саласы қызметкерлерінің құқығын қорғау, еңбек жағдайын жақсарту жолында ауқымды жұмыстар атқарғанын көрсетті.
Ақтөбе облыстық кәсіподақ ұйымы
-
Фото
-