
ЕҢБЕК АДАМЫ
📚Білім беру саласына бар саналы ғұмырын арнаған, білікті де тәжірибелі маман Шалқар қаласындағы №2 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Төлегенова Гүлбану Қуанышқызы. Ол – педагогика саласында өзіндік орны бар, шығармашылық ізденісімен, жаңашылдығымен дараланған ұстаз.
🧩Гүлбану Төлегенова 1989–1993 жылдары Орал педагогикалық институтында білім алып, алғашқы еңбек жолын 1993 жылы Орал қаласындағы №30 мектепте бастады. 1997 жылдан бері Шалқардағы №2 мектеп-гимназияда қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп келеді. Білімі жоғары, педагог-зерттеуші санатындағы ұстаз бүгінгі күнде білім ордасының ұйытқысына айналған.
📃Ұстаздың басты ұстанымы – үнемі іздену мен кәсіби жаңашылдық. Жаңартылған білім беру бағдарламасы аясында тынымсыз еңбек етіп, шәкірт бойына ұлттық құндылықтарды дарытуға, ана тілі мен әдебиетті қастерлеуге тәрбиелеп келеді. Оның озат тәжірибесі облыстық, республикалық басылымдар мен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялардың жинақтарында жарық көріп, бірқатар әдістемелік еңбектері жарияланған.
✨Гүлбану Қуанышқызы түрлі республикалық, облыстық байқаулар мен олимпиадалардың жеңімпазы. Атап айтқанда, «Білім беру саласының үздігі» республикалық байқауының дипломанты, «Алтынсарин оқулары» мен «Ы.Алтынсариннің педагогикалық мұрасы» атты республикалық және халықаралық конференциялардың жеңімпазы. Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Шығармашыл ұстаз» номинациясының иегері, «ULY DALA USTAZY» халықаралық журналының дамуына қосқан үлесі үшін Құрмет грамотасымен марапатталған.
🗞️Ұстаздың еңбегі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, Ақтөбе облысы Білім басқармасының Құрмет грамоталарымен, облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Алғыс хаттарымен бағаланған. Сондай-ақ есімі «Жаңа ғасыр ұстаздары», «Шәкірт жүрегіне жол тапқан» атты республикалық энциклопедияларға енген.
✅Бүгінде Гүлбану Қуанышқызы – тәжірибесімен бөлісіп, заманауи білім беру үдерісіне белсенді араласып жүрген жаңашыл педагог. Оның тәрбиелеген шәкірттері республикалық, облыстық деңгейдегі білім сайыстарында үздік нәтиже көрсетіп, ұстаз есімін биіктетіп келеді.
🔸Табиғатынан еңбекқор, парасатты, кәсіби мәдениеті жоғары Гүлбану Қуанышқызы – нағыз еңбек адамы. Білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, жас ұрпақтың жүрегіне жол таба білген ұстаз – бүгінгі педагогикалық қауымға үлгі, кейінгі ұрпаққа өнеге.
Ақтөбе облыстық кәсіподақ ұйымы
-
Фото
-