
РУХАНИ-ТАНЫМДЫҚ ШАРА
🧩Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының 100 жылдығы аясында ұйымдастырылған бірқатар шаралар қатарында жастарға рухани-танымдық бағыттағы іс-шараларға басымдық берілуде. Осыған орай Әйтеке би аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының жанынан құрылған Жастар кеңесінің бастамасымен ауданның белсенді жас педагогтары Әбілқайыр хан кесенесіне және Халықтар достығы мұражайына танымдық саяхат жасап қайтты.
🗞️Тарих пен тағылым тоғысқан бұл сапар барысында ұстаздар алдымен Толыбай ауылында орналасқан «Әбілқайыр хан» мемориалдық мұражайына аялдап, мұндағы құнды тарихи жәдігерлермен танысты. Мұражай қызметкерлері хан дәуірі мен сол кезеңдегі ұлы оқиғаларға шолу жасап, жас буынға тағылымды ақпарат берді. Сондай-ақ, кәсіподақ жастары Халықтар достығы мұражайында тарихи жәдігерлермен танысып, өткеннің сыр шертетін құнды деректерімен танысты.
📝Одан соң сапар қатысушылары Әбілқайыр хан жерленген қасиетті орынға барып, тағзым етті.
🌱Сапар соңында «Таза Қазақстан» акциясы аясында кесене маңындағы аумақ тазартылып, жастар қоршаған ортаға деген жанашырлықтарын да нақты іспен дәлелдеді.
Ақтөбе облыстық кәсіподақ ұйымы
-
Фото
-