
ӘР АЗАМАТ ӨЗ ҚҰҚЫҒЫН БІЛУІ ТИІС
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының мәжіліс залында «Білім саласындағы еңбек қатынастарындағы түйткілдер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Алқалы жиынға Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің, Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің өкілдері, Тараз қалалық білім бөлімі мен Жергілікті кәсіподақ ұйымының өкілдері қатысты. Жиында білім саласындағы еңбек қатынастарына қатысты өзекті мәселелер талқыланып, тараптар өз ұсыныстарын ортаға салды. Қатысушылар еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, педагогтардың құқықтарын қорғау және ұжымдық шарттардың тиімділігін арттыру мәселелеріне баса назар аударды.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыс бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторы Еркін Ибраимов іс-шараны ашып, күн тақырыбына шығарылған негізгі мәселелермен таныстырды.
- 2025 жылдың есепті кезеңінде құқықтық және әкімшілік шаралар бағыты аясында мемлекеттік енбек инспекторлары облыс аумағындағы ұйымдар мен кәсіпорындарда 81 тексеру жүргізіп, 109 заңбұзушылық анықтады. Ол бойынша жұмыс берушілерге 43 нұсқама берілді. Сонымен қатар, заңды және лауазымды тұлғаларға 4 ескерту жасалып, 17 әкімшілік құкық бұзушылық туралы қаулы шығарылды. Салынған әкімшілік айыппұлдың жалпы сомасы 8,2 миллион теңгені құрап, бүгінгі күні оның 4,4 миллион теңгесі өндірілді. Сондай-ақ, департаментке жеке және заңды тұлғалардан 520 арыз-шағым түсіп, 394-ы өндіріске алынса, 126-сы тиістілігіне қарай басқа мемлекеттік органдарға жолданды, – деді мемлекеттік инспектор Еркін Ибраимов.
Бұдан бөлек Еркін Тұрарұлы Еңбек кодексінің 92-бабына сәйкес демалыс сомаларын төлеу мерзімдерін сақтау, қолданыстағы заңнамада көзделген міндетті әлеуметтік аударымдар мен өзге де төлемдерді төлеу мерзімдері мен тәртібін сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру мақсатында қолданыстағы еңбек заңнамасының нормаларын түсіндіру және оны қолдану тәжірибесімен бөлісті.
Ал Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова педагог мәртебесі туралы сөз қозғап, кейбір келеңсіз жағдайлар туралы ашық жеткізді. «Бұрыннан қалыптасқан мәселенің бірі – педагогтарды өз функциясына жатпайтын жұмыстарға тарту. Сенбіліктерге шығару, басқа да жұмыстарға жегу, одан кейін газет-журналдарға мәжбүрлеп жаздыру жұмысы «Педагог мәртебесі туралы» заңы аясында реттеліп келеді. Өткен оқу жылында жазбаша арыз-шағым болмағанымен, ауызша айтылған шағымдар болды. Оның барлығы заң шеңберінде шешімін тапты» деді Раушан Пернешқызы.
Жиында Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Бахтияр Қараулов пен Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков Ұжымдық шарт төңірегінде сөз қозғады. Жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ұжымдық шарттардың маңыздылығын атап өтіп, ондағы нормалардың заңнамаға сәйкестігін қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Ол әлеуметтік әріптестік аясында қабылданған келісімдердің барлық тараптар үшін міндетті болуын және олардың орындалуын қадағалаудың маңыздылығын жеткізді.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша білім саласындағы еңбек қатынастарын жақсартуға бағытталған бірқатар ұсыныстар айтылып, тараптар еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, педагогтардың құқықтарын қорғау, ұжымдық шарттардың тиімділігін арттыру және әлеуметтік әріптестікті нығайту мәселелері бойынша бірлескен жұмыстарды алдағы уақытта да бірлесе жүргізуге келісті.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фото
-